Қазақстандық ММА жұлдызы Қуат «Найман» Хамитов (27-8-2) Ресейдің танымал файтері Алексей Махноға (28-13) үндеу жолдап, ұсынылған жекпе-жек шарттарына наразы екенін айтты.
Жекпе-жекке шақыру алған Хамитов бұл ұсынысты «құрметсіз және әділетсіз» деп бағалады.
“Ассалаумағалейкум, достар! Естуімше, Алексей Махно мені жекпе-жекке шақырыпты. Бірақ, Лёха, сен өзің бәрін істеп жатырсың, бұл кездесу өтпесін деп. Маған жіберген келісімшарттағы сома — күлкілі. Ондай гонорарды мен он жыл бұрын алғанмын. Егер дұрыс ұсыныс жасасаңдар, дайынмын. Бір ай уақытымды залға арнап, 5 желтоқсанда Мәскеуде сенің алдыңа шығамын. Тек дұрыс шарт пен лайықты ақшаны көрсетіңдер — сонда «Найман» рингке оралады!”, — деп мәлімдеді файтер Instagram парақшасында.
Еске сала кетсек, өткен айда Қуат Хамитов Ресейдің ACA ұйымында дебют жасап, ACA 194 турнирінде жергілікті спортшы Анатолий Бойконы (12-5) төрешілер шешімімен жеңген болатын.
Сол сәттен кейін қазақстандық спортшы жасы 35-тен асқан тәжірибелі қарсыластармен ғана айқасқысы келетінін мәлімдеген. Рингтен тікелей Алексей Махноға ашық шақыру тастап, оны «ерлерше жекпе-жекке» шық деп шақырған еді.
Қуат Хамитов — қазақ ММА тарихындағы ең танымал әрі харизмалық спортшылардың бірі. Ол бұған дейінгі жекпе-жектерінде де қатты мінезі мен әділ шарт талап етуімен танылған.
Бокс пен жекпе-жек әлемінде бұл мәлімдеме үлкен талқылау туғызып, жанкүйерлер арасында “Найман Махноға қарсы шыға ма?” деген сұрақ тудырды.