14 қараша күні Ташкенттегі “Хумо Аренада” кәсіпқой бокс кеші өтеді. Басты жекпе-жектің бірінде Париж Олимпиадасының чемпионы Лазизбек Муллажонов шығады.
Боксшы соңғы айларда допинг жанжалынан кейін спорттық мансабын жалғастырып келеді. Шілде айының соңында Халықаралық допингке қарсы агенттік (ITA) оның сынамасынан тыйым салынған зат табылғанын хабарлаған. Бұл сынама оның әлі әуесқой боксшы кезінде алынған. Сондықтан кәсіпқой рингке шығуына ешқандай тыйым салынбаған.
Муллажонов супер ауыр салмақта WBC CISBB титулы үшін 10 раундтық жекпе-жек өткізеді. Оның қарсыласы – Нигериядан келген аз танымал боксшы Монуасахо Муритадор.
27 жастағы африкалық боксшы 11 кездесуде 6 рет жеңіске жеткен. 3 рет жеңіліп, 2 жекпе-жекте тең түскен. Соңғы бес жекпе-жегінің үшеуінде жеңіліске ұшыраған.
BoxRec порталының дерегінше, Муритадор әлемдік рейтингте 309-орында тұр.
«Допинг сынамасына қатысты мәселе менің кәсіпқой бокстағы мүмкіндіктеріме әсер еткен жоқ. Мен өз елімнің намысын қорғауды жалғастырамын және алдағы айқаста жеңіс үшін бәрін саламын», — деп мәлімдеді Муллажонов жергілікті баспасөзге берген сұхбатында.
Сол кеште өзбек боксының тағы бір жұлдызы — Баходир Джалоловтың жекпе-жегі де жоспарланған.
Алайда оның қарсыласы әзірге ресми түрде жарияланған жоқ.