Алматыдан шыққан жас спортшы Ислам Оруджев халықаралық деңгейдегі WBC Amateur Turksoy турнирінде чемпион атанды.
Жарыстың шешуші кезеңі Өзбекстан астанасы Ташкентте өтті. Ақтық сында Оруджев үш қарсыласымен рингке шығып, барлығын сенімді түрде ұтты деп жазады Sportbugin.kz.
Финалда ол өзбек жанкүйерлерінің алдында жергілікті чемпион және Олимпиадалық даярлау колледжінің студенті Имрон Исмаиловты айқын басымдықпен жеңіп шықты. Бұл кездесу Исламның шеберлігін айқын көрсетті.
52 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Ислам биылғы маусымда 10 жекпе-жек өткізіп, соның тоғызында жеңіске жетті. Екі кездесуді мерзімінен бұрын, нокаутпен аяқтаған.
Ислам Оруджевке Мексикадан арнайы әкелінген WBC Amateur Turksoy чемпиондық белбеуін Қазақстан кәсіби бокс федерациясының президенті Рақымжан Ерденбеков табыстады.
Сонымен қатар боксшының жетістігін жоғары бағалаған меценат Нұрлан Қадырбеков оған ақшалай сыйақы тарту етті.