Қазақстандық ММА жұлдызы Шавкат Рахмонов 2026 жылдың ақпан–наурыз айларында октагонға қайта оралуға әзір екенін айтты. Ол келесі жекпе-жегін UFC-дің бұрынғы чемпионы Камару Усманға қарсы өткізгісі келетінін мәлімдеді.
Жартылай орта салмақта UFC рейтингінде үшінші орында тұрған Шавкат Рахмонов ұзақ үзілістен кейін нақты мерзімді белгілеп отыр – 2026 жылдың ақпаны немесе наурызы.
Қазақстандық файтер дәл осы кезеңде үлкен атаулы жекпе-жек ұйымдастыруға қарсы емес және қарсылас ретінде Камару Усманды көргісі келетінін ашық айтты.
Рахмоновтың айтуынша, 38 жастағы нигериялық экс-чемпион қазіргі жағдайда чемпиондық белбеуге таласуға лайық емес, алайда оның есімімен өтетін жекпе-жек өзіне де, жанкүйерлерге де қызық болмақ.
Шавкат Камару Усманның қазіргі формасы мен рейтингіне тоқталып өтті:
«Қазір Камару бұрынғы деңгейінде емес, жасы да келіп қалды. Ол титулды жекпе-жекке лайық емес: үш рет қатарынан жеңілді, содан кейін рейтингіде 10-орындағы ғана қарсыласын жеңді. Қазір өзі тек сегізінші орында тұр. Осындай жағдайда ол басқалардың бәрін айналып өтіп, чемпиондық белбеуге қалай таласа алады?
Менің ойымша, егер маған Камару Усманмен жұдырықтасу бұйырса, жаман нұсқа емес. Әрине, ол келіссе. Маған қалса, бұл жекпе-жекті ақпан айының соңы – наурыздың басында ұйымдастыруға болатын еді», – дейді Рахмонов «Вестник MMA»-ға берген сұхбатында.
Сонымен қатар қазақстандық файтер UFC басшылығы басқа қарсылас ұсынса да, қашпайтынын жеткізді.
«Маған бәрібір, кіммен шығарса да. Қарсыластарының барлығын да жеңе аламын деп ойлаймын», – дейді Рахмонов.
Нигериялық файтер Камару Усман UFC-де 2015 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Ол 2019 жылы жартылай орта салмақта промоушен чемпионы атанып, ұзақ уақыт бойы дивизионды биледі.
Усманның соңғы жекпе-жегі 2025 жылдың маусымында өтті: онда ол Хоакин Баклиді төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңді.