Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері Елдос Сайдалин 2026 жылға арналған дайындық жоспарын жариялады.
Бапкердің мәліметінше, команда желтоқсан айында Түркістан облысында 21 күндік оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Бұл кезеңде басымдық жалпы дене дайындығы мен күш-қуатты арттыруға берілген.
Сайдалиннің сөзінше, қыркүйекте өтетін Азия ойындары әйелдер құрамасы үшін алдағы ең маңызды старт саналады. Сондықтан 2026 жыл бойғы турнирлер мен жиындардың бәрі — Азиадаға апарар дайындық кезеңдері ретінде қарастырылады.
Айта кетейік, Азиада-2026 Жапонияның Айчи префектурасы мен Нагоя қаласында 19 қыркүйек – 4 қазан аралығында өтеді.
Жаңа жылдың басында құрама Алматы облысында тағы бір оқу-жаттығу жиынын жоспарлап отыр. Одан кейін команда Еуропада өтетін бірнеше халықаралық турнирге қатыспақ.
Әйелдер құрамасының соңғы үлкен жарысы — қыркүйекте Ливерпульде өткен World Boxing әлем чемпионаты болды. Сол турнир қорытындысында Сайдалин шәкірттері 3 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль еншілеген.