Қазақстандық ММА файтері Жалғас Жұмағұлов әлемдегі ең беделді аралас жекпе-жек ұйымы — UFC-ге қайта оралу ниетінен бас тартпағанын мәлімдеді.
Бұл туралы Home of Fight басылымы хабарлады.
28 желтоқсанда Чехияның Прага қаласында Жалғас Жұмағұлов Oktagon лигасының наилегчай салмақтағы чемпионы атағын қорғайды. Қазақстандық спортшы титулдық жекпе-жекте чехиялық Давид Дворжакпен кездеседі.
Жекпе-жек алдындағы сұхбатында Жұмағұлов алдағы жоспарлары туралы айтып өтті.
— Егер бұл жекпе-жекте жеңіске жетсең, келесі рет қашан октагонға шығуды жоспарлап отырсың?
"Қазір мен үшін басты мақсат — осы қарсылас. Алла қаласа, жеңіске жетсек, UFC-ге қайта оралғым келеді. Өйткені менің деңгейімді бәрі көріп отыр. Мен жеңілген қарсыластардың барлығы кейін чемпион атанды. Ол жекпе-жектерде мен төрешілер жазбасымен ғана ұтылдым, ал шын мәнінде жеңіске лайық болдым", — деді Жалғас.
Сондай-ақ файтер жасының үлкендігі мансабын аяқтауға себеп емес екенін атап өтті.
— Қазір жасың 37-де. Кәсіби мансабыңды аяқтау туралы ой жоқ па?
"Әрине, жоқ. Мен қазақпын, ал біз, қазақтар, 30-дан кейін ашыламыз. Оның үстіне спортқа кеш келдім — 21 жасымда ғана бастадым", — деп жауап берді Жұмағұлов.
Еске сала кетейік, Жалғас Жұмағұлов UFC ұйымында 2020 жылдан 2023 жылға дейін өнер көрсетті. Осы аралықта ол жеті жекпе-жек өткізіп, алтауында жеңіліс тапты. Алайда «Жаконың» бірнеше жеңілісі жанкүйерлер мен сарапшылар тарапынан даулы деп бағаланған болатын.