Қазақстандық боксшы Елшат Нығметолла (21-0-2, 8 КО) Алматыда өткен бокс кешінің басты жекпе-жегінде өнер көрсетті.
Нығметолла филиппиндік Алвин Камикемен (11-4, 6 КО) жұдырықтасты. Жекпе-жек жеңіл салмақта өтіп, он екі раундқа жоспарланған титулдық кездесу болды. Айқас бойы қос боксшы да белсенді қимылдап, бір-біріне осал тұстарын көрсетуге мүмкіндік бермеді. Әсіресе соңғы раундтарда тартыс күшейіп, жанкүйерлерге тартымды бокс ұсынылды.
Тартысқа қазақстандық боксшыға тиесілі WBA Asia Central нұсқасы бойынша чемпиондық белбеу тігілді. Жекпе-жек толық он екі раундқа созылып, жеңімпазды анықтау төрешілер шешіміне қалды. Нәтижесінде төрешілердің басым бөлігі қарсыластар тең түсті деген шешім шығарды — 114:114, 114:114, 115:113.
Осылайша, Елшат Нығметолла кәсіби мансабындағы үшінші тең нәтижені тіркеп, WBA-ның екінші дәрежелі белбеуін өзінде сақтап қалды. Ал бұл жекпе-жек Алвин Камике үшін де маңызды сынақ болды: филиппиндік боксшы кәсіпқой мансабында алғаш рет тең нәтижеге қол жеткізді.