Естеріңізге салсақ, даулы жекпе-жек 14 қарашада өткен болатын.
Қазақстандық боксшы Ангелина Лукас пен АҚШ өкілі Кэтрин Линденмут арасындағы чемпиондық жекпе-жекке байланысты дау ушыға түсті.
Кэтрин Линденмуттың айтуынша, WBA ұйымы 9 желтоқсанда ресми хат жолдап, жекпе-жектің нәтижесі америкалық спортшының пайдасына тіркелгенін және оның чемпион атағын заңды түрде иеленгенін хабарлаған. Осы құжатқа сүйене отырып, Линденмут өзін ресми чемпион деп санайтынын мәлімдеді.
Алайда Ангелина Лукас бұл ақпаратпен келіспейтінін ашық айтты. Қазақстандық боксшының сөзінше, оның командасы WBA ұйымына ресми түрде шағым түсіріп, қарсы тараптың допинг-бақылаудан жалтарғанын және ұсынған құжаттарының шынайылығына күмән келтіретін дәлелдер мен материалдарды жолдаған. Лукас бұл істің әділ әрі ашық түрде қайта қаралуын талап етіп отыр.
Қазіргі таңда аталған чемпиондық жекпе-жекке қатысты дау толық шешімін тапқан жоқ. WBA тарапынан түпкілікті шешім әлі жарияланбады, ал тараптар арасындағы текетірес әлі де жалғасып жатыр.