Ресей бокс федерациясының жаттықтырушылар кеңесінің төрағасы Эдуард Кравцов 2025 жылғы әлем чемпионаты финалындағы жекпе-жекке қатысты Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) шешімімен толық келісетінін айтты.
Сонымен қатар ол қарымта айқас өткізу мүмкіндігі туралы да пікір білдірді, деп хабарлады Matchtv.ru.
Дүйсенбі күні IBA Дубайда өткен әлем чемпионатының финалында ресейлік Всеволод Шумков пен өзбекстандық Абдумалик Халоков арасындағы жекпе-жектің нәтижесін өзгеріссіз қалдырды. 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өткен финалда Шумков төрешілердің бөлінген шешімімен жеңіске жеткен еді. Айқас барысында ресейлік боксшы қарсыласының құлағын тістеп алған. Кейін Шумков бұл әрекетін эмоцияға берілген сәтпен түсіндіріп, Халоковтың денсаулығына зиян келтіруді мақсат етпегенін мәлімдеді.

"IBA қабылдаған шешіммен толықтай келісемін. Кейбіреулер үшін бұл шешім субъективті көрінуі мүмкін. Алайда жағдайға жан-жақты қарау керек. Иә, ереже бұзылды, бірақ бұл, мысалы, итеру, белден төмен соғу немесе қарсыласты ұстап қалу сияқты ереже бұзушылықтармен бірдей. Бұл әрекет жекпе-жектің нәтижесіне еш әсер ете алмайды және Халоковтың жағдайын ауырлатпағаны анық. Менің ойымша, әділ шешім қабылданды. IBA президенті Умар Назарович Кремлёвтің реванш ұйымдастыруға дайын екенін білемін. Ол екі спортшыға да IBA.PRO шоу форматында кімнің мықты екенін анықтауға мүмкіндік бергісі келеді", – деді Эдуард Кравцов.
Бокс федерациясының төрағасы Шумковтың реваншқа дайын екенін айта кетті:
"Енді басты сұрақ — егер олар шынымен реванш қаласа және Халоковтың бұл салмақта ең мықты екенін дәлелдегісі келсе, өзбекстандық тарап бұған келісер ме екен. Сонымен қатар мен Всеволод Шумковпен сөйлестім. Ол кез келген уақытта және кез келген жерде қарымта айқас өткізуге дайын. Тіпті Шумков Ташкентте реванш өткізуге де келісіп отыр", — деді Кравцов.