Төрехан Сабырхан Испанияда төрешілерге таңдау қалдырмады
Қазақстандық боксшы Төрехан Сабырхан Испанияның Ла-Нусия қаласында өтіп жатқан беделді Boxam Elite-2026 халықаралық турниріндегі алғашқы жекпе-жегін өткізді.
Қарсыласын айқын басымдықпен ұтты
Төрехан 70 кг дейінгі салмақ дәрежесінің алғашқы айналымында Кабо-Верде өкілі Айлтон Монтейромен қолғап түйістірді. Қазақстандық боксшы үш раунд бойы шабуылда да, қорғаныста да дәлдігімен көзге түсті.
Сабырхан кездесуді төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен (5:0) өз пайдасына аяқтады.
Сабырханның халықаралық деңгейдегі нәтижесі
Айта кетейік, 19 жастағы Төрехан Сабырхан былтыр Ливерпульде өткен World Boxing ұйымының аясындағы алғашқы әлем чемпионатында Қазақстан сапында жеңімпаз атанған жеті боксшының бірі болған.
Boxam Elite-2026 турнирі 3–8 ақпан аралығында өтеді. Бұл жарыста Қазақстан құрамасы ерлер және әйелдер бәсекесінде де өнер көрсетіп жатыр.