Қазақстандық ММА шеберінің бапкері Шавкат Рахмоновтың болашағына қатысты мәлімдеме жасады.
Қазақстандық ММА шебері Шавкат Рахмоновтың UFC-дегі болашағына қатысты жаңа мәлімдеме жасалды. Жаттықтырушысы Эдуард Базров "Номад" октагонға қайта оралған жағдайда оған бірден мықты қарсылас берілуі мүмкін екенін айтты.
Базровтың пікірінше, Рахмонов мансабын қайтадан рейтингтің төменгі сатысынан бастамауы тиіс.
"Мұндай деңгейдегі спортшыға жолды қайтадан басынан өту қажет емес деп ойлаймын. Егер оралса, Шавкатқа топ-10 қатарындағы қарсылас береді. Ол UFC-де жеті жекпе-жек өткізді. Меніңше, бір-екі жеңістен кейін титулдық мүмкіндік алуы ықтимал. Дегенмен UFC — үлкен бизнес құрылым, олар шешімді өз логикасымен қабылдайды", — деді Базров.
Айта кетейік, Шавкат Рахмонов тізе жарақатына байланысты ұзақ уақыт бойы айқастардан тыс қалды. Жарақат асқынып, жақында оған қайта операция жасалды.
Алдын ала болжам бойынша, қазақстандық файтер октагонға шамамен тоғыз айдан кейін оралуы мүмкін.
Ұзақ үзіліске байланысты Рахмонов UFC-дің жартылай орта салмақ рейтингінен уақытша шығарылды. Дегенмен ол ұйымдағы ең перспективалы файтерлердің бірі саналады.