Доминикан Республикасының былғары қолғап шебері Брэндон Жан Жан-Луис қарсыласын жекпе-жектің алғашқы сәтінде-ақ есеңгіретіп, бар-жоғы бір ғана соққымен жеңісті жұлып алды.
72,6 кг салмақ дәрежесіндегі кездесу Санто-Домингода ұйымдастырылды. Әлеуметтік желіде тарап кеткен видеода Жан Жан-Луистің дәл соққы жасап, қарсыласы Далвинсон Техеданы (рекорды: 0 жеңіс, 5 жеңіліс) бірден құлатқаны байқалады.
Оқиға тым жылдам өрбігендіктен Техедаға рингтен шығу үшін дәрігерлер көмегі қажет болғаны айтылады.
Гиннестің ресми дерегінде бокстағы ең қысқа жекпе-жек ретінде 1947 жылы Миннеаполистегі Golden Gloves турнирінде Майк Коллинз Пэт Браунсонды 4-секундта құлатқан оқиға көрсетіледі.
Ал кәсіпқой бокстағы ең тез нокауттардың бірі ретінде 1997 жылы Джимми Тандердің Кроуфорд Гримслиді 13 секундта нокаутқа түсіргені жиі айтылады.
Дегенмен қазіргі видеолардағы секундты есептеу әдісі (қоңыраудан кейінгі қозғалыс, рефери тоқтатуы, санау) әр жерде әрқалай тіркелетінін ескерсек, Жан Жан-Луистің 4–5 секундтық финиші ресми рекорд ретінде бірден бекітілмейді. Бірақ жағдайдың өзі — сирек кездесетін сенсация.