Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері Нұржан Насанов жақын арада елде халықаралық деңгейдегі оқу-жаттығу жиыны өтетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, Түркия, Германия, Түрікменстан және Өзбекстан боксшылары бірлескен дайындық жүргізеді.
Бапкердің сөзінше, аталған құрамалар оқу-жаттығу жиынына қатысатынын ресми түрде растаған. Жиын наурыз айының ортасында ұйымдастырылады.
Нұржан Насановтың айтуынша, дайындықтың басты мақсаты — боксшылардың жалпы физикалық дайындығын көтеру және жекпе-жекке дайындығын (жауынгерлік қабілетін) күшейту.
Айта кетейік, Нұржан Насанов Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері қызметіне 2026 жылдың 10 қаңтарында ресми түрде тағайындалды. Ол бұл лауазымда Қайрат Сәтжановты алмастырды.
Жаңа бас бапкердің жаттықтырушылық қызметі 2016 жылдан басталған. Ал 2024 жылдың тамызынан бері ол ұлттық құрама бапкерлер штабында Қайрат Сәтжановтың қарамағында еңбек еткен.
Нұржан Насанов көпшілікке екі дүркін әлем чемпионы Санжар Тәшкенбайдың жеке бапкері ретінде де жақсы таныс.