Айдана Убайдуллақызы Бангкокте өтіп жатқан Futures Cup U-19 турнирінің финалында өзбекстандықты айқын басымдықпен жеңіп, алтын медаль иеленді.
Қазақстан әйелдер құрамасының өкілі Айдана Убайдуллақызы World Boxing ұйымының бастамасымен алғаш рет ұйымдастырылып отырған Futures Cup U-19 турнирінің финалында шаршы алаңға шықты. Байрақты бәсеке Таиланд астанасы Бангкокте өтуде.
Ол 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің шешуші жекпе-жегінде Асала Бахтиёровамен қолғап түйістірді. Жекпе-жек барысында қазақстандық спортшы басымдықты өз қолына алып, қарсыласын ауыр жағдайға түсірді.
Екінші раундта төреші жекпе-жекті тоқтатуға мәжбүр болды. Бұған дейін өзбекстандық боксшы екі мәрте нокдаун алған еді. Осылайша, кездесу Айдананың мерзімінен бұрын жеңісімен аяқталды.
Осы жеңістің арқасында Айдана Убайдуллақызы тарихи турнирдің алтын медалін жеңіп алды. Ал Өзбекстан спортшысы Асала Бахтиёрова жарысты күміс жүлдегер ретінде аяқтады.
Айта кетейік, бұл турнирдің финалында Қазақстан құрамасының атынан сегіз боксшы сынға түседі.