Таиланд астанасы Бангкокте өткен Futures Cup турнирінің финалдық күнінде Қазақстан сапынан алты ер боксшы мен екі әйел шаршы алаңға көтерілді.
80 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Айдана Убайдуллақызы финалда өзбекстандық Асалой Бахтиёровамен қолғап түйістірді. Қазақстандық боксшы алғашқы раундта-ақ қарсыласын нокдаунға жіберді.
Екінші раундта төреші тағы бір нокдаунды тіркеп, жекпе-жекті мерзімінен бұрын тоқтатты. Осылайша, Айдана Қазақстан қоржынына алтын медаль салды.
Досжан Жұмақан 60 келіге дейінгі салмақтағы финалда турнир қожайыны, тайландтық Сива Чайнаронгпен кездесті. Тартысты өткен жекпе-жек нәтижесінде қазақстандық боксшы 3:2 есебімен жеңіске жетіп, чемпион атанды.
75 келіге дейінгі салмақта Хамза Мақсатұлы финалда Өзбекстан өкілі Сухроб Рахматуллаевпен жұдырықтасты. Қазақстандық спортшы бұл кездесуде де нокдаун тіркеп, айқасты өз пайдасына шешті.
Қорытынды есеп — 4:1. Осылайша, Хамза да Қазақстанға кезекті алтын жүлдені әперді.
90 келіге дейінгі салмақта Жалғас Үтебеков өзбекстандық Асадбек Сұлтанбоевпен кездесті. Жекпе-жек барысында қазақстандық спортшы нокдаун алып, нәтижесінде 0:5 есебімен жеңілді.
Ал 90 келіден жоғары салмақта Владислав Саможонов та Өзбекстан боксшысы Ислам Салиховпен қолғап түйістіріп, төрешілердің бірауызды шешімімен 0:5 есебімен жол берді.
70 келіге дейінгі салмақтағы әйелдер арасында Камилә Оспанова италиялық Сара Скорраноға қарсы шығып, 0:5 есебімен жеңіліс тапты.
Ал 80 келіге дейінгі салмақта Тимур Тайбеков грузиялық Давита Мхецадзеден басым түсе алмай, 1:4 есебімен ұтылды.
70 келіге дейінгі салмақтағы финалда Бейбарыс Әшірбай Қырғызстан боксшысы Ахмади Арвазбен айқасты. Бұл кездесуде қазақстандық былғары қолғап шебері қарсыласынан 3:2 есебімен басым түсіп, алтын медаль иеленді.
Бұл турнирде Қазақстан атынан жалпы саны 19 боксшы сынға түсті.