OGF 01 турнирі 6 маусым күні Алматы қаласында ұйымдастырылады.
Қазақстандық тәжірибелі файтер, ММА ардагері Әділ Боранбаев алматылық жанкүйерлер алдында октагонға қайта оралады. Ол ORDA Global Fights (OGF 01) турнирінде UFC-дің бұрынғы чемпионы Энтони Петтиспен жұдырықтасады.
OGF 01 турнирі 6 маусым күні Алматы қаласында ұйымдастырылады. Осы кештің басты жекпе-жектерінің бірі ретінде Боранбаев пен Петтис арасындағы айқас ресми түрде жарияланды.
Қазіргі таңда Әділ Боранбаев (22-13-1) екі жеңілістен тұратын серияда келе жатыр.
Оның соңғы жекпе-жегі 2025 жылдың қыркүйегінде қырғызстандық Али Машраповқа қарсы болды. ACA 192 турнирі аясында өткен айқаста төрешілердің шешімімен жеңіліп қалды.
Америкалық файтер Энтони Петтис (25-14) — UFC тарихындағы танымал спортшылардың бірі.
Ол UFC-дің жеңіл салмақтағы бұрынғы чемпионы әлемдік деңгейдегі тәжірибелі файтер саналады.
Алайда Петтис соңғы рет ММА-да 2022 жылы өнер көрсеткен. Сол кезде ол PFL лигасында шотландиялық Стивен Рэйден екі рет қатарынан жеңілді.