Қанат Ислам жаңа қызметке тағайындалды

Сарапшы, спорт журналисі

Қазақстандық танымал боксшы Қанат Ислам енді ел боксының дамуына жаңа қырынан үлес қоспақ.

Қанат Ислам жаңа қызметке тағайындалды
instagram/@islamkanatqazaq

Жаңа қызметке келді

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам бокстағы болашағына қатысты нақты шешім қабылдады. Енді ол шаршы алаңдағы мансабымен емес, жастар құрамасымен жұмыс арқылы ел спортына үлес қоспақ.

Мәліметке сәйкес, Қанат Ислам Қазақстанның жастар бокс құрамасының үйлестірушісі қызметіне тағайындалды.

Қанат Ислам 1984 жылы дүниеге келген. Ол — кәсіпқой бокста WBA FedeCaribe нұсқасы бойынша чемпион атанған.

Әуесқой бокста бір кезеңде Қытай құрамасы сапында өнер көрсетті. Сол уақытта ол:

  • Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері атанды;
  • әлем чемпионатында жүлде алды;
  • Азия ойындарында үздіктер қатарынан көрінді.

2010 жылдан бері Қазақстан азаматы

Қанат Ислам 2010 жылдан бастап Қазақстан азаматы саналады. Осы уақыттан бері ол қазақ спортының намысын қорғап, кәсіби бокста да, ел ішіндегі спорттық жобаларда да белсенді көрініп келеді.

Сондай-ақ ол белгілі “Астана Арландары” кәсіби клубының сапында да өнер көрсеткен.

Қанат Исламның кәсіпқой мансабы да сәтті өрбіді. Ол кәсіби рингте 30 жекпе-жек өткізіп, соның 22-сін нокаутпен аяқтаған.

Қазақстандық боксшы бірінші орта салмақта бірнеше беделді белбеудің иегері болды. Атап айтқанда, ол мына титулдарды жеңіп алған:

  • WBA Inter-Continental
  • WBO NABO
  • WBO Inter-Continental
  • WBA Fedelatin
  • WBA Fedecaribe

Соңғы рет 2022 жылдың қазан айында шаршы алаңға шықты. Ол АҚШ-тың Плант-Сити қаласында аргентиналық боксшы Хавьер Франсиско Масьельге қарсы жұдырықтасып, төрешілер шешімімен жеңіске жетті.