Бішкек Марсельді батырдай қарсы алды (ВИДЕО)
Қырғызстандық ММА жауынгері Марсель Нұрланбек уулу тарихи жеңісінен кейін еліне оралды. Оны Бішкек әуежайында жанкүйерлер ерекше ықыласпен қарсы алды.
Туған елдегі ерекше құрмет
Жанкүйерлер әуежайда қырғыз спортшысын қоршап алып, оған ұлттық дәстүрге сай құрмет көрсетті. Файтерге бауырсақ ұсынылып, иығына шапан жабылды. Бұдан кейін жиналған көпшілік шараның басты кейіпкерімен бірге Қырғызстан туын көтеріп, көшелермен жүріп өтті.
Бұл көрініс әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыланып, Марсель Нұрланбек уулудың ел алдындағы беделін тағы бір мәрте көрсетті.
Тоқтар мен Нұрланбек уулу жекпе-жегі қалай өтті?
Еске салайық, Еркебұлан Тоқтар мен Марсель Нұрланбек уулу арасындағы кездесу 27 наурыз күні Армения астанасы Ереванда өткен HypeFC турнирі аясында ұйымдастырылды.
Жекпе-жек ММА қолғаптарымен, бірақ бокс ережесі бойынша өтті. Үш раундқа созылған тартысты кездесудің қорытындысында төрешілер жеңісті бірауыздан қырғызстандық спортшыға берді.
Бұл нәтиже Еркебұлан Тоқтардың мансабындағы маңызды сәттердің бірі болды. Себебі қазақстандық файтер осыған дейін қатарынан жеті жеңіске қол жеткізіп келген еді. Ал Марсель Нұрланбек уулумен өткен кездесу оның сол сериясынан кейінгі алғашқы жеңілісі болып тіркелді.