6-раундтағы ауыр нокаут: қазақ кәсіпқой боксшысының жекпе-жегі мерзімінен бұрын аяқталды (ВИДЕО)
Жеңіл салмақтағы кәсіпқой боксшы Саматәлі Төлтаев кәсіби мансабындағы кезекті жекпе-жегін өткізіп, қарсыласын айқын басымдықпен жеңді.
Кәсіби рингтегі жетінші жеңіс
Ол Таиландтың Бангкок қаласында өткен бокс кешінде шаршы алаңға көтеріліп, вьетнамдық Хонг Куан Диньмен қолғап түйістірді. Кездесу алты раундқа созылып, шешуші сәтте қазақстандық былғары қолғап шебері қарсыласын нокаутқа жіберді.
Алтыншы раундта Саматәлі Төльтаев қарсыласының бауыр тұсына жойқын соққы жасап, вьетнамдық боксшы тізерлеп қалды. Ол төрешінің есебінен кейін айқасты жалғастыра алмады. Осылайша кездесу Төлтаевтың мерзімінен бұрын жеңісімен аяқталды.
Рекорды жақсарды
Бұл жеңіс Саматәлі Төлтаев үшін кәсіпқой рингтегі жетінші табысты жекпе-жек болды. Оның төртеуін қарсыласын уақытынан бұрын тоқтатып, нокаутпен аяқтаған. Айта кетейік, қазақстандық боксшы әзірге кәсіпқой мансабында жеңіліп көрген жоқ.
Ал Хонг Куан Динь өз карьерасында үшінші рет жеңіліс тапты. Оның еншісінде бұған дейін 12 жеңіс бар, соның төртеуі нокаутпен келген. Сондай-ақ бір жекпе-жегі тең нәтижемен аяқталған.