WBA Asia чемпиондық белбеуі Қазақстанда қалды (ВИДЕО)

Сарапшы, спорт журналисі

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Руслан Мәдиев жартылай орта салмақтағы WBA Asia чемпионы атағын сәтті қорғады.

WBA Asia чемпиондық белбеуі Қазақстанда қалды (ВИДЕО)
instagram.com/@madiyevr

Бангкоктегі басты кеш

Ол Таиландтың Бангкок қаласында өткен бокс кешінің басты жекпе-жегінде франциялық Флоран Дервимен қолғап түйістірді. Кездесу барысында отандасымыз айқын басымдық танытып, қарсыласын мерзімінен бұрын жеңді.

Мәдиев жетінші раундта қарсыласын ауыр соққылармен есеңгіретіп алды. Осыдан кейін шабуылды үдетіп, франциялықты тоқтаусыз соққының астына алды. Жағдайдың біржақты сипат алғанын байқаған төреші жекпе-жекті тоқтатып, Руслан Мадиевке техникалық нокаутпен жеңіс берді.

Мәдиевтің кәсіби рекорды жақсарды

Бұл жекпе-жек Руслан Мәдиев үшін кәсіпқой мансабындағы 19-жеңіс болды. Оның ішінде жетеуі мерзімінен бұрын аяқталған. Сонымен бірге оның еншісінде екі жеңіліс және бір тең нәтиже бар.

Ал Флоран Дерви кәсіби рингтегі төртінші жеңілісіне ұшырады. Франциялық боксшының есебінде бұған дейін 14 жеңіс тіркелген, оның үшеуі нокаутпен келген.

Осылайша Руслан Мадиев жартылай орта салмақтағы WBA Asia чемпиондық белбеуін сақтап қалды.