Танымал қазақстандық боксшы жаңа титул алуға дайындалып жатыр
Кәсіпқой боксшы Ангелина Лукас жанкүйерлеріне алдағы титулдық айқасқа қатысты маңызды жаңалығын жеткізді.
Титул үшін шаршы алаңға шығады
Кәсіпқой бокста өнер көрсетіп жүрген Ангелина Лукас әлеуметтік желіде жаңа титулдық жекпе-жекке қызу дайындалып жатқанын хабарлады. Боксшының сөзінше, алдағы кездесу оның мансабындағы маңызды айқастардың бірі болмақ.
“26 сәуірде менің титулдық жекпе-жегім өтетінін хабарлағым келеді. Уақыт аз қалды, сондықтан қазір бар назарымды дайындыққа аударып отырмын. Бұл менің тәжірибе жүзінде 20-жекпе-жегім болмақ, бірақ ресми түрде 18-ші кездесу ретінде тіркеледі. Бұған өзім әсер ете алмаған жағдайлар себеп болды. Қытайдағы нокаутпен аяқталған жеңісім ұйымдастырушылардың кесірінен BoxRec базасына енгізілмеді. Ал америкалық қарсыласқа қарсы өткен WBA Gold титулы үшін айқас оның допинг сынамасынан өте алмағанына байланысты өтпеді деп танылды”, — деді Лукас.
Египеттегі титулдық айқас немен аяқталды?
Еске салайық, 2024 жылдың 24 қарашасында Мысырда өткен WBA Gold World чемпиондық белбеуі үшін жекпе-жекте Ангелина Лукас бастапқыда жеңіліс тапқан еді. Бірақ арада бір тәулік өткен соң бұл кездесу өтпеді деп жарияланды. Осылайша, сол айқастың қорытындысы ресми түрде өзгертілді.