Азияның үш дүркін чемпионы нокдаунмен медаль жеңіп алды (ВИДЕО)
Сағындық Тоғамбай Ұлан-Батырдағы құрлық біріншілігін сәтті бастады.
Ауыр салмақтағы айқас
Сағындық Тоғамбай 90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қытайлық Хань Сюэчжэньмен қолғап түйістірді. Бұл жекпе-жек ширек финал аясында өтті.
Қарсыластардың жетістіктеріне қарап, айқас алдындағы фаворитті анықтау оңай болған жоқ. Сағындық Тоғамбай — 2022 жылғы Азия чемпионатының жеңімпазы және 2022 жылғы Азия ойындарының қола жүлдегері. Ал қытайлық боксшы Хань Сюэчжэнь сол Азия ойындарында күміс медаль иеленген.
Жекпе-жек қалай өтті?
Кездесудің алғашқы минуттарында бастама қытайлықтың қолында болды. Бірақ уақыт өте келе Сағындық Тоғамбай айқас тізгінін қолына алып, бірінші раундтың соңын сәтті аяқтады. Нәтижесінде алғашқы раундта төрешілер басымдықты 4:1 есебімен қазақстандыққа берді.
Екінші раундта да Тоғамбай қарқынын бәсеңдетпей, тағы да 4:1 есебімен үстем түсті. Үшінші раундта қазақстандық былғары қолғап шебері қарсыласының шабуылдарын сәтті тойтарып, жекпе-жек соңына қарай Хань Сюэчжэньді нокдаунға жіберді. Бұл сәт кездесудің шешуші эпизодына айналды.
Осы жеңістің арқасында Тоғамбай Азия чемпионатының жартылай финалына шығып, кем дегенде қола медаль місе тұтты.
Пікірлер
Пікір жазу үшін кіріңіз.
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болыңыз.