Еуропалық 15 боксшы Қазақстан құрамасының бапкерінен тәжірибе жинауға келді (ВИДЕО)
Қазақстандық белгілі бапкер Ілияс Оралбеков Еуропадан келген боксшылармен дайындық жұмысын бастады.
Шетелдік боксшылар Қазақстанға не үшін келді?
Ілияс Оралбеков әлеуметтік желідегі парақшасында боксшылардың бірімен жаттығу сәтінен видео жариялады. Сондай-ақ жазбада Еуропаның әртүрлі қалаларынан 15 боксшының Қазақстанға арнайы келгені айтылған.
Олардың басты мақсаты — қазақстандық бокс мектебінен тәжірибе жинау және ұлттық құрамамен жұмыс істейтін маманнан дайындық әдістерін үйрену.
"Еуропаның түрлі қалаларынан 15 адам Ілияс ағадан тәжірибе алу үшін жиналды. Деңгейі сондай — бүкіл әлем қызығарлық", — делінген жарияланымда.
Ілияс Оралбеков кім?
Ілияс Оралбеков — Қазақстан боксының бапкерлер құрамындағы маңызды мамандардың бірі. Ол ұлттық бокс жүйесінде аға жаттықтырушы қызметін атқарады.
Оралбеков екі дүркін әлем чемпионы Махмұд Сабырханның және оның ағасы Төрехан Сабырханның бапкері ретінде де танымал.
Ілияс Оралбеков Қазақстан ерлер құрамасының бапкерлер штабына 2024 жылдың 20 қыркүйегінде қосылды. Бұл тағайындау Париж Олимпиадасынан кейін ұлттық құраманы жаңарту аясында жүзеге асқан.
