"Сендерге жаным ашиды". Қазақстандық файтер хейтерлерге үн қатты
Қазақстандық ММА файтері жанкүйерлеріне үндеу жасап, алдағы жоспарын бөлісті.
Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Фаниль Рафиков соңғы жекпе-жектен кейін алғаш рет үн қатып, өзіне бағытталған сын мен хейтке жауап берді.
Спортшы Instagram парақшасында жариялаған видеосында жанкүйерлеріне алғыс айтып, қарсы пікір білдірушілерге өз ойын жеткізді:
"Барлық қолдау көрсетіп жүргендерге көп рақмет! Ал хейт жазатындарға айтарым — сендерге жаным ашиды. Біреудің сәтсіздігіне қуанудан басқа ештеңелерің жоқ па?"
Дайындық жалғасуда
Рафиков жуырда жаттығу залына қайта оралып, алдағы жекпе-жектерге дайындалып жатқанын айтты. Оның сөзінше, барлық қателіктер талданып, сараланады.
"Жаттығуды жалғастырып жатырмыз. Тек алға қадам жасау. Бастысы — берілмеу."
Еске салайық, 25 сәуір күні Ростов-на-Донуда өткен Fight Nights Гран-приінің жартылай финалында Фаниль Рафиков ресейлік Андрей Гончаровқа қарсы шыққан еді. Жекпе-жек төрешілердің бірауыздан шешімімен қарсыластың пайдасына шешілді.