Әлемдік дзюдо жұлдыздары Астанаға келеді

Бокс шолушысы

Астанада өтетін Qazaqstan Barysy Grand Slam-2026 рейтингтік турниріне әлем дзюдосының кіл мықтылары қатысады. 

Әлемдік дзюдо жұлдыздары Астанаға келеді
olympics.com

Олимпиада чемпиондары келеді

Қазақстан астанасындағы ірі халықаралық додада жанкүйерлер бірнеше Олимпиада және әлем чемпионын татамиден көре алады. Турнирге қатысатын жұлдызды дзюдошылар қатарында:

  • Рафаэла Силва — Рио Олимпиадасының чемпионы;
  • Фабио Базиле — Италиядан шыққан Олимпиада чемпионы;
  • Барбара Матич — Париж Олимпиадасының жеңімпазы;
  • Инал Тасоев — үш дүркін әлем чемпионы.

Ел намысын Ғұсман Қырғызбаев қорғайды

Сонымен қатар Астанада Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері Ян Юн-Вэй, Париж Олимпиадасының күміс жүлдегерлері Уилльян Лима мен Мириам Буткерейт те өнер көрсетеді.

Қазақстан атынан Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев татамиге шығады.

Турнир не үшін маңызды?

Qazaqstan Barysy Grand Slam-2026 — жай ғана халықаралық жарыс емес. Бұл турнирде спортшылар әлемдік және олимпиадалық рейтингке қажетті ұпай жинайды.

Халықаралық дзюдо федерациясының талабына сәйкес жеңімпаздар мен жүлдегерлерге рейтингтік ұпай беріледі. Бұл көрсеткіштер 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына жолдама алуға тікелей әсер етеді.

Qazaqstan Barysy Grand Slam-2026 қашан өтеді?

Төртінші халықаралық Qazaqstan Barysy Grand Slam-2026 турнирі 8-10 мамыр аралығында Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтеді.

Қазіргі таңда жарысқа әлемнің 39 елінен 300-ден астам спортшы қатысатыны хабарланып отыр.