"Рекорд жинауды тоқтату керек": Рахмоновтың алғашқы бапкері UFC-дегі мәселені ашық айтты

Жекпе-жек шолушысы

ММА-ден Қазақстан құрамасының бапкері Баян Жанғалов отандық файтерлердің UFC деңгейінде толық ашыла алмауына қатысты пікір білдірді. 

"Рекорд жинауды тоқтату керек": Рахмоновтың алғашқы бапкері UFC-дегі мәселені ашық айтты
sportilinet.kz

Мықты бәсеке жетіспейді

Баян Жанғаловтың сөзінше, Қазақстанда бірқатар файтер кәсіби рекордын жақсарту арқылы UFC-ге дейін жетеді. Бірақ олардың жолында шын мәнінде деңгейі жоғары қарсыластар аз кездеседі.

Бапкер отандық ММА лигалары кейде спортшыларға рекорд жинауға ғана жағдай жасап қоятынын атап өтті. Соның салдарынан кейбір қазақстандық файтерлер UFC-ге 10-0 секілді жеңіліссіз көрсеткішпен барса да, әлемдегі ең мықты промоушендегі қарқынға бірден бейімделе алмайды.

Бапкер мәселе неде екенін түсіндірді

Жанғалов Қазақстанда ММА-ға қажетті база, мамандар және жаттықтырушылар бар екенін айтты. Оның пікірінше, басты қиындық — спортшыны дұрыс бағытпен дамытуда.

"Бізде жаттығу базасы да, бапкерлердің білімі де жеткілікті. ММА-да тәжірибелі мамандар бар, күрес бапкерлері де мықты. Барлығы спортшыны қалай алып жүретінімізге байланысты", — деді Баян Жанғалов.

Рекорд жинауды тоқтату керек

Маман жергілікті лига басшыларына қазақстандық файтерлер үшін бәсекелестік деңгейін көтеруді ұсынды. Оның айтуынша, спортшыны UFC-ге дайындау үшін оған ел ішінде де мықты қарсыластармен жұдырықтасуға мүмкіндік беру қажет.

Жанғаловтың пікірінше, файтерлерге жеңіл қарсыластар таңдап, рекордты қолдан өсіру ұзақ мерзімді нәтиже бермейді. Керісінше, мықты қарсыластармен жиі кездескен спортшы ғана UFC сияқты жоғары деңгейлі ұйымдарда өзін көрсете алады.

Баян Жанғалов кім?

Баян Жанғалов — Қазақстан ММА құрамасының бапкері. Сонымен қатар UFC жұлдызы Шавкат Рахмоновтың алғашқы бапкері ретінде де танымал.

Қазір UFC-де Қазақстанның бірнеше файтері бақ сынап жүр. Олардың қатарында:

Шавкат Рахмонов, Асу Алмабаев, Бекзат Алмахан, Николай Веретенников, Дияр Нұрғожай және Әліби Ыдырыс бар.