"Елім үшін барымды саламын": Сәкен Бибосынов жеңілмеген қарсыласына сес көрсетті
Екі дүркін әлем чемпионы және Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов Бішкекте өтетін титулдық жекпе-жегіне қатысты пікір білдірді.
“Бұл мен үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік”
Сәкен Бибосынов кәсіпқой бокстағы үшінші жекпе-жегінде бірден титул сарапқа салынатын кездесуге шығатынын атап өтті. Оның сөзінше, команда дайындықты 10 раундтық айқасқа лайықтап құрған.
Боксшы 23 мамыр күні шаршы алаңға шығып, WBA Asia вакантты белбеуі үшін жұдырықтасады. Қарсыласы — Индонезия өкілі, кәсіпқой рингте жеңіліп көрмеген Сурия Дхарма. Оның лақап аты — Pretty Boy. Индонезиялық боксшының еншісінде 4 жеңіс, 0 жеңіліс, 3 нокаут бар.
“Бұл мен үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Кәсіпқой бокстағы үшінші жекпе-жегімнің өзінде алғаш рет титулдық айқасқа шығып, толық 10 раундтық кездесу өткізуім керек. Мұның оңай болмайтынын жақсы түсінемін. Сондықтан қазіргі дайындық дәл осы қашықтыққа бағытталған — жаттығу процесін айтарлықтай күшейтіп, барынша жоғары қарқынмен жұмыс істеп жатырмыз. Мен өз еліме кәсіпқой бокста титулдық белбеу сыйлағым келеді. Басты мақсатым — сол кеште жоғары деңгейдегі бокс көрсетіп, үшінші жекпе-жегімде WBA Asia белбеуін жеңіп алу”, — деді Сәкен Бибосынов.
Қарсыласы жеңіліс дәмін татпаған
Бибосыновтың алдағы қарсыласы Сурия Дхарма кәсіпқой рингте әзірге барлық кездесуінде жеңіске жеткен. Қазақстандық боксшы индонезиялықты оңай қарсылас деп санамайтынын жеткізді.
“Қарсылас шынымен де осал емес. Индонезиялық боксшы мансабындағы барлық жекпе-жегінде жеңіске жеткен. Бірақ дәл осындай мықты қарсыластармен рингке шығу қажет. Алдағы уақытта әр жекпе-жек сайын қарсыластарымыз тек күшейе береді. Менің мақсатым — кәсіпқой бокста әлем чемпионы атану. Қазір біз Сурия Дхармаға қарсы кездесуге жүйелі түрде дайындалып жатырмыз, оның мықты және әлсіз тұстарын егжей-тегжейлі зерттеудеміз. Мен рингке нақты жоспармен шығамын және тек жеңіске ұмтыламын”, — деді Сәкен Бибосынов.
Сәкен Бибосынов кәсіпқой бокста қашан дебют жасады?
Айта кетейік, Сәкен Бибосынов кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін 2025 жылдың 20 шілдесінде өткізді. Ол Бішкекте филиппиндік Кристиан Леганеге қарсы кездесуді мерзімінен бұрын жеңіспен аяқтаған.
Енді қазақстандық боксшы үшінші кәсіпқой жекпе-жегінде WBA Asia белбеуін сарапқа салады.