Батыр Жүкембаев өзбекстандық нокаутшыға жауап беріп, тартысты жекпе-жек уәде етті (ВИДЕО)

Бокс шолушысы

Кәсіпқой боксшы Батыр Жүкембаев алдағы жекпе-жегі алдында қарсыласы Шохжахон Эргашевтің мәлімдемесіне жауап берді.

Батыр Жүкембаев өзбекстандық нокаутшыға жауап беріп, тартысты жекпе-жек уәде етті (ВИДЕО)
instagram/@batyr_jukembaev

“Бұл жерде тек әдемі емес, көрерменге қызық бокс болады”

Батыр Жүкембаев қарсыласының үндеуінен кейін жанкүйерлерге жауап беріп, жекпе-жекке толық дайын екенін жеткізді.

“Ассалаумағалейкүм! Кешегі видеоны бәріңіз көрдіңіздер. Енді Шохжахон: “Кел, әдемі бокс көрсетейік” деп жатыр. Менің ойымша, бұл жерде тек әдемі бокс қана болмайды — біз екеуміз де бір-бірімізге лайық қарсыласпыз. Боксты түсінетін адамдардың бәрі мұны біледі. Сондықтан бұл жерде әдемі ғана емес, көрерменге қызық, тартысты бокс болады. Мен 6 маусымға дайынмын. Дайын болыңыздар. Құдай қаласа, сен де дайын бол! Жақсы, әдемі әрі кәсіби бокс көрсетеміз!” — деді қазақстандық боксшы.

Эргашев не деді?

Бұған дейін Шохжахон Эргашев әлеуметтік желіде Батыр Жүкембаевқа арнап видео жариялаған. Өз үндеуінде өзбекстандық боксшы қазақстандық қарсыласына дайындалуға және ет жеуге кеңес берген.

Бұл мәлімдемеден кейін жанкүйерлер арасында жекпе-жекке деген қызығушылық арта түсті. Екі боксшының да нокауттық көрсеткіші жоғары болғандықтан Ташкенттегі кездесу тартысты өтеді деп күтілуде.

Жүкембаев пен Эргашев арасындағы айқас бастапқыда 9 мамырға жоспарланды. Бірақ белгісіз себептерге байланысты кездесу бір айға кейінге шегеріліп, 6 маусымға ауыстырылды.