Ризабек Айтмұхан мен Арман Царукян бір турнирде белдеспек
13 маусымда өтетін RAF 10 турнирінде қазақстандық Ризабек Айтмұхан америкалық Хейден Зилмермен белдеседі. Сол кеште Арман Царукян да кілемге шығып, Тони Фергюсонмен күш сынасады.
Қазақстандық еркін күрес шебері, әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан Real American Freestyle лигасындағы екінші белдесуін өткізеді. Дода 13 маусымда АҚШ-тың Сент-Луис қаласында өтеді.
RAF 10 турнирінде отандасымыз америкалық Хейден Зилмермен күш сынасады. Кездесу жартылай ауыр салмақ дәрежесінде өтеді. Зилмер үшін бұл RAF лигасындағы алғашқы белдесу болмақ. Ал Айтмұхан бұған дейін америкалық жұлдыз Кайл Снайдерден жеңілгеннен кейін боз кілемге қайта оралып, өз мықтылығын дәлелдеуге мүмкіндік алып отыр.
Царукян да осы турнирде өнер көрсетеді
RAF 10 турнирінің басты белдесулерінің бірі UFC жұлдызы Арман Царукянның қатысуымен өткелі жатыр. Турнирдің ресми парақшасында Царукян мен Тони Фергюсон арасындағы белдесу орта салмақ дәрежесіндегі чемпиондық кездесу ретінде көрсетілген.
MMA Fighting мәліметінше, Царукян 13 маусымда бұрынғы UFC уақытша чемпионы Тони Фергюсонмен белдеседі. Басылым бұл Царукянның RAF жүйесіндегі соңғы алты ай ішіндегі алтыншы кездесуі болуы мүмкін екенін жазады.
RAF деген не?
Real American Freestyle өзін әлемдегі үздік спортшыларға арналған кәсіби күрес лигасы ретінде таныстырады. Ұйымның ресми сайтында RAF еркін күресті үлкен сахнаға шығаруды мақсат ететіні атап көрсетілген.