Qazaqstan Barysy Grand Slam: Қазақстандық дзюдошылар әлемдік рейтингте жоғарылады
Астанада өткен Qazaqstan Barysy Grand Slam 2026 турнирінен кейін қазақстандық дзюдошылардың әлемдік рейтингтегі позициясы айтарлықтай жақсарды. Халықаралық дзюдо федерациясы жарыстан соң жаңартылған world ranking тізімін жариялады.
8-10 мамыр аралығында Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өткен "Үлкен дулыға" кезеңі Қазақстан құрамасы үшін тарихи нәтижемен аяқталды. Отандық татами шеберлері бірнеше салмақта жүлде алып, рейтингте жоғары көтерілуге мүмкіндік алды.
Жалғас Қайролла бірден 78 орынға көтерілді
Қазақстандық дзюдошылар арасында ең үлкен серпілістің бірін Жалғас Қайролла жасады. Ол 81 келіге дейінгі салмақта алтын медаль жеңіп алып, әлемдік рейтингте 78 сатыға жоғарылады. Қазір Қайролла өз салмағында 42-орынға орналасты.
Марат Байқамұров Топ-20 енді
100 келіге дейінгі салмақта чемпион атанған Марат Байқамұров та рейтингтегі орнын жақсартты. Ол 11 сатыға көтеріліп, әлемдік рейтингте 18-орынға шықты.
60 келіге дейінгі салмақта күміс медаль иеленген Талғат Орынбасар алты орынға жоғарылап, 22-орынға тұрақтады.
Әйелдер арасында +78 келі салмақта күміс жүлде алған Камила Берліқаш та үлкен серпіліс жасады. Ол бірден 52 сатыға көтеріліп, әлемдік рейтингте 44-орынға шықты.
Қола жүлделер де маңызды ұпай әкелді
Qazaqstan Barysy Grand Slam турниріндегі қола медальдер де қазақстандық спортшыларға рейтингтік тұрғыдан үлкен пайда әкелді.
+78 келі салмақта қола жүлде алған Аида Тойшыбекова 26 орынға көтеріліп, 43-орынға жайғасты. Ал 60 келідегі Шерзод Давлатов 11 сатыға жоғарылап, 24-орынға орналасты.
73 келіге дейінгі салмақта қола медаль жеңіп алған Аңсарбек Гайнуллинде де серпіліс бар. Ол 60 орынға көтеріліп, әлемдік рейтингте 54-орынға жайғасты.
90 келі салмақта жүлдегер атанған Айдар Арапов та рейтингтегі жағдайын жақсартты. Ол 31 сатыға жоғарылап, 39-орынға көтерілді.
Айта кетейік, Қазақстан халықаралық жарысты қабылдаушы ел ретінде бұл турнирге 54 дзюдошы қатыстыру құқығына ие болды. Мұндай мүмкіндік отандық спортшыларға жоғары деңгейдегі қарсыластармен белдесіп, рейтингтік ұпай жинауға жол ашты.