Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғызбаев әлемдік рейтингіде төмен сырғыды

Бас редактор

Әбиба Әбужақынова әлемдік рейтингтегі орнын сақтап қалды. 

Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғызбаев әлемдік рейтингіде төмен сырғыды
Liter.kz

Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов 60 келіге дейінгі салмақта 6 орын жоғалтып, 29-сатыға түсті. Олимпиададан кейін ресми жарыстарға қатыспаған қазақстандық дзюдошы Астанада өткен Grand Slam турнирінде татамиге шыққанымен, жанкүйерлер үшін ұлымен бірге белдесу өткізді.

Париж-2024 Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев та әлемдік рейтингте төмендеді. Ол Qazaqstan Grand Slam-2026 турнирінде 1/8 финалда жеңіліп қалғаннан кейін 66 келіге дейінгі салмақта үш сатыға сырғыды.

Қазір Қырғызбаев IJF рейтингінде 18-орында тұр. 

Әбиба Әбужақынованың орны өзгерген жоқ

Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшысы Әбиба Әбужақынова 48 келіге дейінгі салмақта бесінші орнын сақтап қалды. Бұған дейін рейтингте төмендеген спортшының бұл жолы позициясы өзгерген жоқ.

Қазіргі уақытта Әбиба ресми турнирлерге қатысып жүрген жоқ. Соған қарамастан ол өз салмағында әлемдік үздік бестіктің қатарында қалып отыр.

Қазақстан Grand Slam турнирінде сегіз медаль алды

Айта кетейік, Астанада өткен Qazaqstan Grand Slam-2026 жарысында Қазақстан құрамасы жалпы сегіз медаль жеңіп алды. Ұлттық құраманың еншісінде екі алтын, екі күміс және төрт қола жүлде бар.

Жалпыкомандалық есеп бойынша Қазақстан үшінші орынға тұрақтады. Бірінші орынды Ресей құрамасы иеленсе, Франция командасы екінші нәтиже көрсетті.