Жалғас Жұмағұловты жеңген файтер енді Қайрат Ахметовпен айқаспақ
Жекпе-жек Алматыда немесе Мәскеуде өтуі мүмкін.
Қазақстандық ММА шебері, ONE Championship лигасының бұрынғы чемпионы Қайрат Ахметов пен ресейлік Вартан Асатрян ACA ұйымы аясында жекпе-жек өтуі мүмкін.
Бұған дейін Ахметов Instagram парақшасында Асатрянға бейнеүндеу жолдап, оны ACA лигасының алдағы турнирлерінің бірінде кездесуге шақырған. Қазақстандық файтер жекпе-жекті Алматыда немесе Мәскеуде өткізуге болатынын айтқан еді.
Асатрян жекпе-жекке дайын екенін айтты
Вартан Асатрян Қайрат Ахметовтің үндеуіне жауап беріп, қарсылас таңдауды өзі шешпейтінін жеткізді. Оның сөзінше, бұл мәселеде соңғы шешімді ACA лигасының басшылығы қабылдауы керек.
"Қайрат, сәлем! Біріншіден, менің аккаунтым ашық. Сен, бәлкім, басқа парақшаға кірген шығарсың. Екіншіден, менің жанкүйерлерімнің көбі сені де бақылап жүреді екен, солар сенің үндеуіңді жіберді. Барлық сұрақ лигаға байланысты: мен қарсыласты ешқашан өзім таңдаған емеспін. Егер лига келісім берсе, онда толық дайынмын. Бірақ бір нюанс бар: мен 57 келіде жұдырықтасуға дайынмын, өйткені күнделікті салмағым 60-61 келі", – деді ресейлік файтер.
Ахметов ACA-дағы алғашқы жекпе-жегінде жеңіске жеткен
Қайрат Ахметов Қазақстандағы ең титулды ММА файтерлерінің бірі саналады. Ол ONE Championship лигасында ең жеңіл салмақта чемпиондық белбеу иеленген.
Қазақстандық спортшының ACA лигасындағы дебюті 2026 жылдың 9 қаңтарында өтті. Сол кеште Ахметов ресейлік Мансур Хатуевті төрешілер шешімімен жеңіп, жаңа ұйымдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді.
Қазіргі таңда Ахметовтің кәсіби рекорды – 29 жеңіс және 2 жеңіліс.
Асатрян қазақстандық жанкүйерлерге жақсы таныс
Вартан Асатрян да тәжірибелі файтерлердің қатарында. Оның кәсіби рекорды – 25 жеңіс және 10 жеңіліс. Ол AMC Fight Nights лигасының бұрынғы чемпионы, ал 2023 жылдан бері ACA ұйымында өнер көрсетіп келеді.
Армян текті ресейлік спортшы қазақстандық жанкүйерлерге Жалғас Жұмағұловпен өткізген екі жекпе-жегі арқылы жақсы таныс. Асатрян екі кездесуде де жеңіске жеткен. Бұған дейін ол Жұмағұловқа үшінші жекпе-жек, яғни трилогия өткізуді де ұсынды.