Суперауыр салмақтағы боксшы 15 секундта нокаутпен жеңді (ВИДЕО)
Германияның Мангейм қаласындағы бокс кешінде суперауыр салмақтағы жергілікті былғары қолғап шебері Виктор Юрк колумбиялық Эдвин Кастильоны алғашқы секундтарда-ақ нокаутқа жіберді.
Жекпе-жек небәрі 15 секундқа созылды
Мангеймде өткен бокс кешіндегі суперауыр салмақ өкілдері арасындағы айқас күтпеген әрі өте жылдам аяқталды. Рингке неміс Виктор Юрк пен колумбиялық Эдвин Кастильо шықты.
Кездесу сегіз раундқа жоспарланған еді. Бірақ жанкүйерлер толыққанды жекпе-жек көріп үлгермеді. Алғашқы шабуылдардың бірінде Юрк сол қолымен хук жасап, қарсыласын ауыр нокдаунға түсірді.
Кастильо канвасқа құлағаннан кейін орнынан тұра алмады. Осыдан соң төреші жекпе-жекті тоқтатып, Виктор Юрктің нокаутпен жеңісін тіркеді.
Юрк жеңісті сериясын жалғастырды
Бұл жеңістен кейін неміс боксшысы кәсіпқой рингтегі мінсіз көрсеткішін сақтап қалды. Қазір Виктор Юрктің рекорды — 14 жеңіс, 0 жеңіліс, 12 нокаут.
Сонымен қатар ол мерзімінен бұрын аяқталған жеңістер сериясын алты жекпе-жекке жеткізді. Юрктің соңғы рет толық қашықтыққа созылған айқасы 2024 жылы өткен.
Кастильо екінші рет қатарынан нокаутпен ұтылды
Колумбиялық Эдвин Кастильо үшін бұл жеңіліс ауыр соққы болды. Оның кәсіпқой рингтегі көрсеткіші енді 13 жеңіс, 3 жеңіліс, 8 нокаут болып тұр.
Айта кетейік, Кастильо қатарынан екінші жекпе-жегінде нокаутпен жеңіліп отыр.