Саламат Исбулаев PFL чемпиондық белбеуі үшін қашан айқасатынын айтты
Қазақстандық ММА файтері 27 маусымда PFL San Diego турнирінде Эй Джей Маккимен кездеседі.
Қазақстандық ММА файтері Саламат Исбулаев PFL ұйымында чемпиондық белбеуге қашан таласатыны туралы тіс жарды.
Отандасымыз 27 маусым күні PFL San Diego турнирінің басты айқасында америкалық Эй Джей Маккимен кездеседі. Исбулаевтың пікірінше, осы жекпе-жектегі жеңіс оны жартылай жеңіл салмақтағы чемпиондық белбеуге жақындатады.
Исбулаев — Макки жекпе-жегі қашан өтеді?
Саламат Исбулаев пен Эй Джей Макки арасындағы кездесу 27 маусымда АҚШ-та өтетін PFL San Diego турнирінің басты оқиғасы болады.
Бұл айқас қазақстандық спортшы үшін PFL-дегі ең маңызды жекпе-жектердің бірі саналады. Себебі оның қарсыласы — ұйым рейтингінде жоғары тұрған тәжірибелі файтер.
"Жеңсем, белбеу үшін жұдырықтасуым мүмкін"
Namys Fighting-ке берген сұхбат барысында Исбулаев осыған қатысты пікір білдірді. Қазақстандық файтердің айтуынша, ресми келіссөз болмаған, бірақ жағдайдың өзі соған жақын.
"Ондай әңгіме болған жоқ. Бірақ меніңше, бұл онсыз да түсінікті. Өйткені ол рейтингте екінші орында, ал мен бесінші-алтыншы сатыдамын. Осы жекпе-жектен кейін, Құдай қаласа жеңіп шықсам, белбеу үшін айқас болуы мүмкін", — деді Саламат Исбулаев.
Айта кетейік, Саламат Исбулаев PFL ұйымындағы алғашқы жекпе-жегін биыл ақпан айында өткізді. Ол Дубайда өткен PFL Dubai турнирінде промоушеннің бұрынғы чемпионы Хесус Пинедомен кездесті.
Қазақстандық файтер бұл айқаста қарсыласын бірінші раундта нокаутқа түсіріп, ұйымдағы дебютін сенімді жеңіспен бастады.