"Хайптың соңынан еріп кетті": Марсель Мұхит Амантаевтың айыптауына жауап берді

Жекпе-жек шолушысы

Қырғызстандық ММА файтері Марсель Нурланбек уулу қазақстандық бокс бапкері Мұхит Амантаевтың сынына жауап қатты.

"Хайптың соңынан еріп кетті": Марсель Мұхит Амантаевтың айыптауына жауап берді
фото ашық дереккөздерден алынды

Хайп үшін жасалған дүние ме?

Марсель әлеуметтік желідегі парақшасында Мұхит Амантаевтың мәлімдемесіне пікір білдірді. Оның айтуынша, қазақстандық бапкер соңғы бірнеше ай бойы осы тақырыпты әдейі ушықтырып келеді. Қырғыз файтері қарсыласының әрекетін хайп қуалау деп бағалады.

“Мұхит аға соңғы 2-3 айдан бері осы тақырыпты тоқтатпай көтеріп жүр. Үнемі видео жариялап, хайптың соңынан еріп кетті. Менің ойымша, бұл жағдай соған ұқсайды”, – деді Марсель.

Гонорар мәселесі де айтылды

Марсельдің сөзінше, тараптар жекпе-жекке қатысты шарттарды тең дәрежеде талқылауы керек. Ол салмақ дәрежесі мен ережелерді қарсы тарап белгілесе, өздерінің де гонорар сұрауға құқығы бар екенін айтты.

Файтердің айтуынша, Nomad Fighting ұйымы Мұхит Амантаевпен жұдырықтасу үшін оған 50 мың доллар ұсынған. Бірақ Марсель бұл соманы жеткіліксіз деп санайды.

“Сіздер ережені де, салмақты да өздеріңіз белгілейсіздер. Онда бізге де шарт қоюға мүмкіндік беріңіздер. Nomad маған 50 мың доллар ұсынды. Мен ашық айттым: бұдан жоғары сома керек”, – деді ол.

Мұхит Амантаев Марсельдің бабында емес екенін де айтқан. Бұған жауап ретінде қырғыз спортшысы қазір дайындық жағдайы жақсы екенін жеткізді. Оның айтуынша, жекпе-жекке дейін бір жарым-екі ай уақыт болса, ол толық дайындалып үлгереді.

“Қазір, Аллаға шүкір, бабымдамын. Алда әлі бір жарым-екі ай уақыт бар. Осы аралықта өзімді толық формаға келтіре аламын”, – деді Марсель.

Қырғызстанда лига жоқ

Марсель Қырғызстанда жекпе-жек ұйымдастыратын ірі лиганың жоқтығы файтерлер үшін қиындық туғызатынын да атап өтті. Оның пікірінше, егер ел ішінде мықты ұйым болса, қырғыз файтерлері қарсыластарын өз алаңында қабылдай алар еді.

Қырғызстандық файтер бұл дау қазақ пен қырғыз жанкүйерлері арасында артық шиеленіс туғызбауы керек екенін айтты. Оның сөзінше, жекпе-жек алдындағы сөз тартысы екі халықтың арасына сызат түсірмеуі тиіс.

“Мен қырғыз болып тудым, қырғыз болып өлемін. Қырғызстан мені қолдамайды деп ойламаңыздар. Елімді жақсы көрмейді деп те айтпаңыздар. Қырғыз халқына алғыс айтамын. Қырғызстан, алға!” – деді спортшы.

Амантаев пен Марсель арасындағы дау неден басталды?

Бұған дейін Мұхит Амантаев әлеуметтік желіде Марсельге үндеу жасап, оның Nomad Fighting лигасы ұсынған жекпе-жектен бас тартқанын мәлімдеген.

Сәуір айында екеуі көз арбасып үлгерген еді. Кейін Nomad Fighting ұйымы Амантаевтың жаздың басында өтетін IBA Nomad 15 турнирінің кард құрамына ресми түрде енгенін хабарлады.