Марсель Мұхит Амантаевпен көз арбасудан кейін жекпе-жектен бас тартты
Бокстан қазақстандық бапкер Мұхит Амантаев қырғызстандық Марсель Нұрланбек уулымен өтуі тиіс жекпе-жектің болмай қалуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Марсель сөзінде тұрмады
Мұхит Амантаев әлеуметтік желідегі парақшасында қырғыз боксшысының әрекетіне көңілі толмайтынын ашық айтты. Оның сөзінше, 11 сәуірде Алматыдағы "Алматы Аренада" өткен IBA Nomad турнирінде қос тарап рингке көтеріліп, көз арбасу рәсімін өткізген.
Сол кезде олардың алдағы турнирлердің бірінде жұдырықтасуы мүмкін екені жарияланған. Кейін бұл жекпе-жек 4 шілдедегі IBA Nomad кешінің кардында болуы тиіс болған.
Марсельдің сылтаулары
Амантаевтың мәлімдеуінше, Nomad және IBA өкілдері оған Марсельдің жекпе-жектен бас тартуына екі себеп келтіргенін жеткізген.
"Біріншісі — ол өзінің бабында емес екенін айтқан. Екіншісі — гонорар аз деген", — деді Амантаев.
Қазақстандық маман бұл уәждермен келіспейтінін жеткізді. Оның айтуынша, Марсель жақында ғана танымал актер әрі файтер Еркебұлан Тоқтарды жеңген, сондықтан спорттық бабына қатысты сөзді сылтау деп санайды.
Амантаев Марсельді 4 шілдеде рингке шығуға шақырды
Мұхит Амантаев Марсельдің гонорарға қатысты талабына да жауап берді. Оның айтуынша, қырғызстандық боксшыға ұсынылған қаржы аз емес.
"Саған жақсы ақша ұсынып отыр. Бірақ сен көз арбасуға шығып, хайп жинадың да, енді түрлі сылтау айтып отырсың. Бұл ер адамға тән әрекет емес", — деді ол.
Амантаев Марсельді келісімшартқа қол қойып, 4 шілде күні Алматыда рингке шығуға шақырды.
"Егер еркек болсаң, сөзіңде тұр. Келісімшартқа қол қой да, 4 шілде күні "Алматы Аренада" жұдырықтас. Күшіңді көрсет", — деп мәлімдеді қазақстандық бапкер.
Марсель Қазақстанда қалай танылды?
Марсель Нұрланбек уулу Қазақстандағы көпшілікке 27 наурызда Ереванда өткен Hype Fighting турнирінен кейін кеңінен танылды. Сол кеште актер әрі файтер Еркебұлан Тоқтарды жеңген.
Боксшының өз сөзінше, осы жеңістен кейін оның гонорары бірнеше есе өскен.