Асыланбек Шымбергенов мансабын аяқтады ма? Боксшы жауап берді
Танымал боксшы 2024 жылдың соңынан бері жарақатына байланысты ресми жарыстарға қатыспай жүр.
Қазақстан құрамасының бұрынғы капитаны, әлем чемпионы Асыланбек Шымбергенов рингке қайта оралу мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Sport12.kz хабарлады.
Танымал боксшы 2024 жылдың соңынан бері жарақатына байланысты ресми жарыстарға қатыспай жүр. Шымбергеновтің айтуынша, қазіргі басты мақсаты — денсаулығын қалпына келтіру.
"Мансабымды аяқтадым деп нақты айта алмаймын"
Асыланбек Шымбергенов Sport12.kz-ке берген сұхбатында спорттағы болашағы әзірге белгісіз екенін айтты.
"Қазір ештеңе айта алмаймын. Жарақаттарым бар еді, соны емдеп жүрмін. Денсаулығыма қараймын. Құрамаға ораламын ба, жоқ па – әзірге белгісіз. Карьерамды аяқтадым деп нақты айта алмаймын. Мүмкін аяқтаған шығармын, мүмкін жалғастыратын шығармын", — деді Шымбергенов.
Осылайша боксшы мансабын ресми түрде аяқтағанын растаған жоқ.
Олимпиададан кейін үзіліс алды
Асыланбек Шымбергеновтің соңғы ресми жекпе-жегі 2024 жылдың шілдесінде өтті. Париж Олимпиадасының алғашқы айналымында ол иорданиялық Зейяд Ишаишке күтпеген жерден есе жіберген еді.
Олимпиададан кейін қазақстандық боксшы денсаулығына байланысты үзіліс алды. Кейін ол ұлттық құрамадағы орнынан айырылды.
Шымбергеновтің жетістіктері
Асыланбек Шымбергенов — Қазақстан боксының соңғы жылдардағы ең титулды өкілдерінің бірі. Ол 2023 жылы Ташкентте өткен әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды.
Сондай-ақ ол 2022 жылғы Азия чемпионы және Қазақстанның екі дүркін чемпионы атанған. Ел біріншілігінде 2014 және 2017 жылдары жеңімпаз болды.
2024 жылы Париж Олимпиадасында Шымбергенов Қазақстан құрамасының капитаны қызметін атқарды.
Шымбергенов Astana Arlans сапында да жоғары нәтиже көрсетті. Ол 2015 және 2017 жылдары Дүниежүзілік бокс сериясының екі дүркін чемпионы атанды.
Бұдан бөлек, қазақстандық боксшы 2015 жылы Оңтүстік Кореяда және 2019 жылы Қытайда өткен Әлемдік әскери ойындарда жеңімпаз болды.
Сонымен қатар оның еншісінде 2018 жылғы Азия ойындарының күміс медалі және 2022 жылғы Азия ойындарының қола жүлдесі бар.