Жәнібек Әлімханұлы рингке қай айда оралатынын айтты
Қазақстандық боксшы допинг дауы мен дисквалификациядан кейін рингке желтоқсан айында оралатынын мәлімдеді.
Қазақстандық кәсіпқой боксшы, WBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы ұзақ үзілістен кейін әлеуметтік желідегі белсенділігін қайта жандандырып, рингке оралатын уақытын атады.
"Қазақ стилі" лақап атымен танымал боксшы X желісіндегі парақшасында мотивациялық жазба жариялап, желтоқсан айында чемпиондық атағын қорғайтынын мәлімдеді.
Әлімханұлы рингті сағынғанын айтты
Жәнібек Әлімханұлының X желісіндегі аккаунты біраз уақыт бойы белсенді болмаған еді. Алайда қазақстандық боксшы бүгін жанкүйерлеріне үндеу жасап, рингке қайта шығуға асық екенін жеткізді.
"Мен алғаш рет бокс қолғабын 6 жасымда кидім. 27 жылдан кейін де әлі рингтемін. Біз осы төрт бұрыштың ішінде болғанның бәрін көрдік, ал алда әлі талай нәрсе бар. Мен рингті сағындым, жанкүйерлер де бізді сағынғанын білемін. Желтоқсанда мен әлем чемпионы атағымды қорғаймын", — деп жазды Жәнібек Әлімханұлы.
Допинг дауы және дисквалификация
Еске салайық, Жәнібек Әлімханұлы Эрисланди Лараға қарсы үш титул үшін өтуі тиіс жекпе-жек алдында допинг сынамасынан өте алмаған еді. Оның қанынан мельдоний табылғаны хабарланды.
Осы жағдайдан кейін WBO ұйымы қазақстандық боксшыны 2026 жылдың 6 желтоқсанына дейін жекпе-жектерден шеттетті. Ал IBF Әлімханұлын чемпиондық белбеуінен айырды.
Алғашқы қарсыласы кім болуы мүмкін?
Алдын ала ақпарат бойынша, Жәнібектің рингке оралғаннан кейінгі алғашқы қарсыласы Дензел Бентли болуы ықтимал. Ол сәуір айында Энрю Сааведраны нокаутпен жеңіп, қазақстандық чемпионмен реваншқа дайын екенін көрсеткен.
Әлімханұлының желтоқсанда титул қорғайтынын айтуы бұл жекпе-жектің өту мүмкіндігін күшейте түсті. Дегенмен айқастың нақты күні мен орны ресми түрде жарияланған жоқ.
Қазақстандық боксшы соңғы рет рингке бір жылдан астам уақыт бұрын шыққан. Ол Астанада өткен бокс кешінде Ануэль Нгамиссенгені нокаутпен жеңген еді.