"Жоспар өзгерді": Сәкен Бибосынов жанкүйерлерін алаңдатқан жаңалық айтты
Сәкен Бибосынов кәсіпқой рингтегі маңызды жекпе-жегінің кейінге қалғанын хабарлады.
Бибосынов: "Жұмыс жалғасады"
Боксшы әлеуметтік желідегі парақшасында 23 мамырға жоспарланған кездесудің болмайтынын қысқаша түсіндірді.
"Өкінішке қарай, 23 мамырдағы жекпе-жек белгілі бір себептерге байланысты өтпейді. Жоспар өзгерді. Жұмыс жалғасады", — деп жазды Сәкен Бибосынов.
Қарсыласы кім болуы керек еді?
Сәкен Бибосыновтың WBA Asia белбеуі үшін жекпе-жектегі қарсыласы индонезиялық Сурия Дхарма болуы тиіс еді. Дхарманың кәсіпқой бокстағы көрсеткіші — 4 жеңіс, 0 жеңіліс, 3 нокаут. Ал Бибосыновтың кәсіби рекорды — 2 жеңіс, 0 жеңіліс, 1 нокаут.
Бастапқыда Бибосынов пен Дхарма арасындағы айқас 17 сәуірге жоспарланды. Бірақ кейінірек SaikouLush промоушені Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты кездесуді белгіленген күні өткізу мүмкін болмағанын мәлімдеді.
Содан кейін жекпе-жек 23 мамырға ауыстырылды. Енді бұл дата да өзгеріске ұшырады.
Бибосыновтың кәсіпқой бокстағы жолы
Сәкен Бибосынов кәсіпқой рингте әзірге екі кездесу өткізді. 2025 жылдың 20 шілдесінде Бішкекте филиппиндік Кристиан Леганені бірінші раундта нокаутпен жеңді.
Ал 26 қазанда сол Бішкекте жергілікті Адилет Качкынбековтен төрешілердің бірауызды шешімімен басым түсті.