Батыр Жүкембаев бокс федерациясының вице-президенті атанды (ВИДЕО)

Жекпе-жек шолушысы

Кәсіпқой боксшы Алматы облысы бокс федерациясының вице-президенттігіне тағайындалды.

Батыр Жүкембаев бокс федерациясының вице-президенті атанды (ВИДЕО)
instagram/@batyr_jukembaev

Тағайындау туралы ресми мәлімдеме жасалды

Алматы облысы бокс федерациясының президенті Бекжан Әшірбаев Батыр Жүкембаевтың ұйым басшылығына кіретінін мәлімдеді. Оның айтуынша, Жүкембаев тек кәсіпқой рингте емес, өңірде боксты дамыту ісінде де маңызды рөл атқарады.

“Біз Алматы облысы бокс федерациясына жаңа вице-президент тағайындап отырмыз. Елімізге белгілі меценат, спорт жанашыры және қазіргі таңда кәсіпқой бокста өнер көрсетіп жүрген бауырымыз Батыр Жүкембаев осы қызметке бекітіледі. Қазір біз боксты ұлттық спорт ретінде дамытуға ерекше көңіл бөліп жатырмыз. Батыр – осы бағытқа үлкен үлес қосып жүрген еліміздің азаматтарының бірі. Біз бұл шешімге қуаныштымыз”, – деді Әшірбаев.

Федерация қандай жұмыспен айналысады?

Алматы облысы бокс федерациясы – өңірдегі боксты дамытуға жауапты ресми қоғамдық ұйым. Федерацияның негізгі мақсаты – әуесқой және кәсіпқой боксты қолдау, жас спортшыларды тәрбиелеу және спорттың бұл түрін кеңінен насихаттау.

Жүкембаевтың жаңа қызметі аймақтағы бокс инфрақұрылымын күшейтуге және жас таланттарға мүмкіндік ашуға ықпал етуі мүмкін.

Батыр Жүкембаев кәсіпқой бокста бірінші жартылай орта салмақта өнер көрсетеді. Оның рекорды – 24 жеңіс, 1 жеңіліс, 17 нокаут. Әр жылдары әлемдік бокс ұйымдарының бірнеше аймақтық белбеуін иеленген. Олардың қатарында:

  • WBA Continental,
  • IBF Inter-Continental,
  • WBC Continental Americas,
  • IBO International белбеулері бар.

Алда маңызды жекпе-жек күтіп тұр

Батыр Жүкембаев жаңа қызметке тағайындалғанымен кәсіпқой рингтегі мансабын жалғастырып жатыр. Ол 6 маусымда Ташкентте жергілікті нокаутшы Шохжахон Эргашевке қарсы жекпе-жек өткізеді. Эргашевтің рекорды – 26 жеңіс, 2 жеңіліс, 23 нокаут.