Елдос Сметов Испаниядағы жиыннан кейін турнирлерге оралатынын айтты (ВИДЕО)

Футбол шолушысы

Париж Олимпиадасының чемпионы халықаралық жарыстарға қайта оралуға дайындалып жатыр. Ол Ғұсман Қырғызбаевпен бірге Испанияда оқу-жаттығу жиынын бастады.

Елдос Сметов Испаниядағы жиыннан кейін турнирлерге оралатынын айтты (ВИДЕО)
forbes.kz

Алғашқы жаттығуын Бенидормда өткізді

Елдос Сметов Испанияның Бенидорм қаласында шетелдік оқу-жаттығу жиынына кіріскенін мәлімдеді. Дзюдошының айтуынша, бұл дайындық кезеңі оның жарыс жолына қайта оралуына жол ашуы мүмкін.

“Ассалаумағалейкум, құрметті қазақ елі! Қайырлы күн! Біз Бенидорм қаласында алғашқы жаттығуымызды бастадық. Бұл – шетелдегі оқу-жаттығу жиынымыз. Құдай қаласа, бабымызға келсек, менің алғашқы турниріме куә боласыздар. Алла бәрімізге еңбегіміздің нәтижесін көруді нәсіп етсін”, – деді Сметов.

Олимпиададан кейінгі ұзақ үзіліс

Елдос Сметов соңғы рет ресми деңгейде 2024 жылғы Париж Олимпиадасында толыққанды өнер көрсетті. Сол жарыста 27 шілде күні Қазақстан дзюдосы тарихында алтын медаль жеңіп алған еді. Олимпиададан кейін жарыстардан ұзақ уақыт шет қалды. Кейін жарақаттарын емдеп, 2026 жылдың наурызында операция жасатқаннан соң қалпына келу кезеңінен өтті.

Дзюдошы 2026 жылдың 10 мамырында Астанада Qazaqstan Barysy Grand Slam 2026 турнирі аясында Олимпиададан кейін алғаш рет алтын жапсырмасы бар кимоносымен татамиге шықты. Дегенмен бұл ресми белдесу емес еді. Сметов сол күні 8 жастағы ұлы Омармен көрсетілім форматындағы шоу-кездесу өткізді. Әзілге құрылған жекпе-жекте Олимпиада чемпионы ұлына “жол берді”.

Алғашқы ресми турнирі қай жарыс болуы мүмкін?

IJF күнтізбесіне сәйкес, Елдос Сметовтың жарысқа қайта оралуы Grand Slam сериясындағы турнирлердің бірінде жүзеге асуы мүмкін. Қазақстандық дзюдошы Астанадағы турнирді өткізіп алғандықтан, оның әлемдік турдағы алғашқы ресми старты ретінде бірнеше нұсқа қарастырылып отыр. Соның бірі – 19-21 маусым аралығында Ұлан-Батырдағы Ulaanbaatar Grand Slam 2026 жарысы.

Сондай-ақ жаз мезгілінде Будапешт немесе Еуропадағы өзге де Grand Slam кезеңдері ықтимал бағыттардың қатарында. Әдетте Қазақстан құрамасы еуропалық оқу-жаттығу жиындарынан кейін дәл осындай турнирлерге қатысады.

Сметов үшін алдағы жарыстардың маңызы жоғары. Оның басты міндеті – халықаралық деңгейдегі белсенді бәсекеге қайта қосылып, келесі Олимпиадаға іріктеу үшін қажетті рейтинг ұпайларын жинау. Қазақстандық жанкүйерлер Сметовтың татамидегі ресми камбэгін асыға күтуде.