Елдос Сметов Испания құрамасының көшбасшысымен татамиге шықты (ВИДЕО)
Париж Олимпиадасының чемпионы Испанияның Бенидорм қаласындағы оқу-жаттығу жиыны кезінде белді дзюдошы Давид Гарсия Торнемен бірге жаттығу өткізді.
Сметов пен Торненің рандориі видеоға түсіп қалды
Испания дзюдо федерациясының баспасөз қызметі Instagram парақшасында халықаралық оқу-жаттығу жиынынан бейнежазба жариялады. Видеода Қазақстан құрамасының көшбасшысы Елдос Сметов пен Испания дзюдошысы Давид Гарсия Торненің жұмыс барысындағы спаррингі, яғни рандориі көрсетілген.
Кадрлардан екеуінің де жоғары техникалық деңгейін байқауға болады. Видеоның алғашқы секундтарынан бастап дзюдошылар татамиде позициялық күрес жүргізіп, қарсыласына өз ұстауын таңуға тырысады.
Бір сәтте испаниялық дзюдошы шабуылға көшкен. Бірақ Елдос Сметов жылдам әрекет етіп, қарсы шабуыл арқылы қарсыласын татамиге түсірді. Дегенмен жарияланған бейнеде жаттығу барысының тек бір бөлігі көрсетілгендіктен белдесудің толық нәтижесі кадр сыртында қалған.
Давид Гарсия Торне кім?
28 жастағы Давид Гарсия Торне — Испания құрамасының өз салмағындағы негізгі көшбасшыларының бірі. Ол 2023 жылы Монпельеде өткен Еуропа чемпионатында күміс медаль иеленген.
Сондай-ақ Торне 2023 жылы Астанадағы Grand Slam турнирінде жеңімпаз атанып, “2023 жылдың үздік иппоны” марапатына ие болған.
Оның жетістіктері қатарында Линцтегі Гран-при турнирінің алтыны, 2025 жылғы Загреб Гран-приінің жеңісі, Бакудегі Grand Slam-2022 және Антальядағы Grand Slam-2023 турнирлерінің қола жүлделері бар. Бұған қоса, ол 2026 жылғы Жоғарғы Австрия Гран-приінде де қола медаль алған.
Бенидормдағы жиын 23 мамырға дейін жалғасады
Бенидормдағы халықаралық оқу-жаттығу жиыны 18 мамырда басталды. Еуропа дзюдо одағының ұйымдастыруымен өтіп жатқан лагерь European Open турнирінен кейін бірден ашылған және 23 мамырға дейін жалғасады.