Ризабек Айтмұқан АҚШ-та тағы бір алыппен айқасады

Жекпе-жек шолушысы

Әлем чемпионы америкалық RAF күрес лигасымен жасалған келісімшарты, АҚШ-та өтетін келесі белдесуі және Қазақстан құрамасындағы басты мақсаттары туралы айтты. 

Ризабек Айтмұқан АҚШ-та тағы бір алыппен айқасады
instagram/@rr1zabek

RAF лигасында бес белдесу өткізеді

Қазақстандық балуанның айтуынша, ол америкалық промоушенмен бес белдесуге арналған келісімшартқа отырған.

RAF лигасындағы алғашқы кездесуін титулдық айқаста америкалық жұлдыз Кайл Снайдерге қарсы өткізген. Бұл белдесуде қазақ балуаны қарсыласына есе жіберген еді.

"Ассалаумағалейкум, қазақ елі! Иә, кеше ел кубогын жеңіп алдық, Аллаға шүкір. RAF лигасымен бес белдесуге келісімшарт жасадым. Бірінші кездесуімде Кайл Снайдермен титулдық айқаста жеңіліп қалдым", — деді Ризабек Айтмұқан.

Келесі қарсыласы — Хейден Зилмер

Ризабектің келесі қарсыласы — америкалық Хейден Зилмер. Айтмұқан оның мықты екенін атап өтті.

Зилмер бұған дейін 125 келіге дейінгі салмақта күрескен. 2024 жылы Олимпиадаға іріктеу турнирінің финалында Кайл Снайдерге жол берген. Қазір 97 келіде өнер көрсетіп жүр.

Айқас 13 маусымда Сент-Луисте өтеді

RAF 10 турнирі 13 маусым күні Миссури штатындағы Сент-Луис қаласында өтеді. Дәл осы жарыста Ризабек Айтмұқан Хейден Зилмермен кездеседі.

RAF лигасы 12 мамырда қазақстандық балуанның екінші белдесуін ресми түрде жариялаған болатын. Бұл Зилмер үшін аталған промоушендегі дебюттік кездесу болмақ.

Негізгі басымдық — ұлттық құрама

Ризабек Айтмұқан RAF турнирлеріне қатысу Қазақстан құрамасындағы басты жарыстарға кедергі келтірмейтінін айтты. 

"RAF-та күрескенімізбен, біз оған негізгі жарыстардан бос уақытта ғана қатысамыз. Басты жарыстарымыз — Азия ойындары, әлем чемпионаттары және Азия чемпионаттары", — деді әлем чемпионы.