Сметов пен Әбужақынова алдағы Олимпиадаға қатысуы мүмкін

Бас редактор

Қазақстандық дзюдошылар Лос-Анджелес Олимпиадасына іріктеуді Ұлан-Батырдағы Grand Slam турнирінен бастайды.

Сметов пен Әбужақынова алдағы Олимпиадаға қатысуы мүмкін
Offside.kz

Қазақстандық дзюдошылар үшін Лос-Анджелесте өтетін 2028 жылғы Олимпиада ойындарына іріктеу кезеңі басталғалы тұр. Алғашқы маңызды рейтингтік жарыстардың бірі Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда өтетін Grand Slam турнирі болмақ.

Дәл осы турнирден бастап дзюдошылар Олимпиадаға қажетті ұпай жинауға кіріседі.

Қазақстан Ұлан-Батырға 20 дзюдошы апарады

Ұлан-Батырдағы Grand Slam турнирі 19-21 маусым аралығында өтеді. Бұл жарыста Қазақстан құрамасының намысын 20 спортшы қорғайды.

Құрамға ұлттық команданың бірқатар көшбасшысы енген. Олардың қатарында 66 келіге дейінгі салмақта Нұрқанат Серікбаев, 60 келіде Мағжан Шамшадин, 48 келіде Ғалия Тынбаева және 78 келіден жоғары салмақта Камила Берліқаш бар.

Сметов Қытайдағы Гран-приде татамиге оралады

Ұлан-Батырдағы Grand Slam жарысынан кейін қазақстандық дзюдошылар Қытайдағы Гран-при турниріне қатысады. Бұл дода 26-28 маусым күндері Циндао қаласында өтеді.

Қытайдағы турнирдің басты жаңалығы — Париж-2024 Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметовтің татамиге қайта оралуы. Сонымен қатар Қазақстан атынан Ғұсман Қырғызбаев пен Әбиба Әбужақынова да жарысқа қатысады.

Жалпы Циндаодағы турнирге Қазақстаннан 21 дзюдошы заявкаға енгізілген.

Олимпиадаға жолдама қалай беріледі?

Дзюдошылар Лос-Анджелес Олимпиадасына IJF әлемдік олимпиадалық рейтингі арқылы іріктеледі. Квалификациялық циклдегі турнирлерде спортшылар ұпай жинап, өз салмақ дәрежесіндегі орнын жақсартуға тырысады.

Олимпиадаға тікелей жолдама алу үшін дзюдошы өз салмағында әлемдік рейтингтің топ-17 қатарына кіруі керек. Бірақ бір елден бір салмақта тек бір спортшы ғана тікелей квота ала алады.

Егер спортшы топ-17 қатарына кіре алмаса, онда континенттік квота арқылы жолдама алу мүмкіндігі қалады. Азия квотасы үшін өз елінен тікелей іріктеуден өте алмаған спортшылар арасында ең көп ұпай жинау қажет.

Қазіргі таңда Елдос Сметов IJF рейтингінде 60 келіге дейінгі салмақта 42-орында тұр. Ал Әбиба Әбужақынова 48 келіге дейінгі салмақта әлемдік рейтингтің 9-сатысында орналасқан.