Күрестен әлем чемпионаты Бахрейннен Астанаға көшірілді
Біріккен күрес әлемі (UWW) 2026 жылғы әлем чемпионатын Манамa қаласынан Астанаға көшіру туралы ресми шешім қабылдады.
Әлемдік дода бастапқыда 5-13 қыркүйек аралығында Бахрейн астанасында өтуі тиіс болған. Алайда Таяу Шығыстағы тұрақсыз жағдай мен қауіпсіздік мәселелеріне байланысты жарысты басқа елде өткізу туралы шешім қабылданды. Ұйымның мәліметінше, халықаралық әуе қатынастарына төнген қауіп пен аймақтағы геосаяси ахуал негізгі себептердің бірі болған.
UWW вице-президенті Михаил Мамиашвилидің айтуынша әлем чемпионатын өткізуге көршілес Қырғызстан мен Өзбекстан елдері де үміткер болған. Дегенмен дауыс беру қорытындысында елордамыз бір дауыстың артықшылығымен жеңіске жеткен. Астанадағы чемпионат енді 24 қазан мен 1 қараша аралығында өткізіледі.
“Күрес түрлерінен 2026 жылғы әлем чемпионаты Астанада өтеді. Бұл - Қазақстан спорты үшін тарихи оқиға. Әлемдік деңгейдегі ең беделді жарыстардың бірін елімізде өткізу туралы шешімді халықаралық United World Wrestling ұйымы барлық таныстыру, талқылау және дауыс беру кезеңдерінің қорытындысы бойынша қабылдады”,- деп күрес федерациясының президенті Еркін Оқасов әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.
Астанада аншлаг болады деп болжануда
Айта кетсек, Қазақстан бұған дейін де ірі халықаралық күрес турнирлерін қабылдаған. 2019 жылы Астанада олимпиада алдындағы әлем чемпионаты ұйымдастырылып, “Барыс Арена” кешенінде өткен додаға 1000-ға жуық балуан қатысқан еді. Қазіргі таңда Біріккен күрес әлемі турнирдің нақты кестесі мен ұйымдастыруға қатысты қосымша ақпараттарды кейінірек жарияланатынын мәлімдеді. Астанадағы "Барыс-Аренада" өтетін тоғыз күндік іс-шарада аншлаг болады деп күтілуде.