Санжар Тәшкенбай Еуропа чемпионын нокдаунға жіберіп, финалға шықты (ВИДЕО)

Жекпе-жек шолушысы

Қазақстан құрамасының боксшысы Қытайдың Гуйян қаласында Әлем кубогының ақтық сынына шықты.

Санжар Тәшкенбай Еуропа чемпионын нокдаунға жіберіп, финалға шықты (ВИДЕО)
instagram/@boxingkazakhstan

Испаниялық қарсыласын сенімді жеңді

50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен қазақ боксшысы жартылай финалда испаниялық Мартин Молинамен кездесті. Молина – 2022 жылғы Еуропа чемпионы және 2023 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері.

Үш раундқа созылған жекпе-жекте Санжар Тәшкенбай айқын басымдық танытты. Төрешілер бірауыздан қазақстандық боксшының жеңісін тіркеді – 5:0.

Үшінші раундта нокдаун болды

Кездесудің шешуші сәттерінің бірі үшінші раундта тіркелді. Санжар Тәшкенбай дәл әрі қуатты соққысымен Мартин Молинаны нокдаунға түсірді. Бұл сәт қазақстандықтың басымдығын одан әрі айқындай түсті.

Осы жеңістің арқасында Санжар Тәшкенбай Әлем кубогының финалына шықты. Ал Мартин Молина жарысты қола жүлдемен аяқтады.

Тәшкенбайдың жетістіктері

Санжар Тәшкенбай — Қазақстан боксындағы басты жұлдыздардың бірі. 2023 және 2025 жылдары әлем чемпионы атанған. Сонымен қатар 2022 жылы Азия чемпионатының алтын медалін иеленген.

World Boxing ұйымының екінші кезеңдегі Әлем кубогы 21 маусымға дейін жалғасады. Аталған турнирде Қазақстан атынан ерлер және әйелдер құрамалары бақ сынап жатыр.