Қазақстандық боксшылар Қытайдағы Әлем кубогында үш алтын медаль жеңіп алды

Жекпе-жек шолушысы

Абылайхан Жүсіпов, Виктория Графеева және Назым Қызайбай Гуйяндағы турнирде топ жарды

Қазақстандық боксшылар Қытайдағы Әлем кубогында үш алтын медаль жеңіп алды
Instagram/@boxingkazakhstan

Жүсіпов үндістандық боксшыны айқын ұтты

Қазақстандық тәжірибелі боксшы Абылайхан Жүсіпов финалда Дипак Дипакпен қолғап түйістірді. Шешуші жекпе-жек толық үш раундқа созылды. Төрешілер қорытындысы бойынша Жүсіпов айқын басымдықпен жеңіске жетті — 5:0.

Бұл 29 жастағы Абылайхан Жүсіпов үшін World Boxing ұйымдастыратын Әлем кубогы кезеңдеріндегі алғашқы алтын медаль болды. Бұған дейін халықаралық ареналарда тұрақты өнер көрсетіп жүрген ол Гуйяндағы жеңісі арқылы өз салмағындағы мықтылардың бірі екенін тағы дәлелдеді.

Графеева үшінші рет Әлем кубогының чемпионы атанды

Әйелдер арасындағы бәсекеде Виктория Графеева да жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Ол 60 келіге дейінгі салмақтың финалында тайваньдық Линь Юйтинмен кездесті.

Тартысты өткен айқаста төрешілер шешімі қазақстандықтың пайдасына шықты — 3:2. Осылайша 24 жастағы Виктория Графеева World Boxing Әлем кубогының үш дүркін жеңімпазы атанды.

Қызайбай жаңа салмақта алтын алды

Қазақстан құрамасына алғашқы алтын медальді Назым Қызайбай сыйлады. Ол өзі үшін жаңа саналатын 54 келіге дейінгі салмақта сынға түсіп, финалда италиялық Сирин Шаарабиді жеңді.

Жекпе-жек қорытындысы бойынша төрешілер 4:1 есебімен Назымның басымдығын мойындады. Осы жеңістің арқасында Қызайбай Гуйяндағы Әлем кубогында Қазақстан атынан чемпион атанған алғашқы боксшы болды.