Жәнібек Әлімханұлы қазақтың болашақ әлем чемпионын көрсетті

Жекпе-жек шолушысы

Орта салмақта WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой боксшы Сұлтан Зәуірбекпен кездесіп, оған жоғары баға берді.

Жәнібек Әлімханұлы қазақтың болашақ әлем чемпионын көрсетті
Instagram/@janibek_alimkhanuly

Сұлтан Зәуірбекке сенім білдірді

Жәнібек Әлімханұлының командасы Instagram парақшасында Сұлтан Зәуірбекті болашақ әлем чемпионы деп атады.

"Болашақ әлем чемпионы — Сұлтан Зәуірбек! Ол чемпиондыққа тағы бір қадам жақындады. Сәттілік тілейміз!" — делінген жазбада.

Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы қазір орта салмақтағы әлемдік бокстың басты есімдерінің бірі саналады. Оның кәсіпқой бокстағы көрсеткіші — 17 жеңіс, 0 жеңіліс, 12 нокаут.

Келесі жекпе-жегі қашан өтеді?

Қазір Жәнібек Әлімханұлы допинг сынамасына байланысты уақытша шеттету жазасын өтеуде. Оның дисквалификация мерзімі биыл желтоқсан айына дейін жалғасады.

Дәл сол айда қазақстандық чемпион WBO белбеуін міндетті түрде қорғауы тиіс. Оның қарсыласы — ұлыбританиялық "уақытша" чемпион Дензел Бентли. Британиялық боксшының кәсіпқой рингтегі рекорды — 22 жеңіс, 3 жеңіліс, 18 нокаут.

Зәуірбек чемпиондық белбеуге жақындай түсті

Сұлтан Зәуірбек те кәсіпқой бокста жеңіліп көрмеген қазақстандықтардың бірі. Оның еншісінде 20 жеңіс, 0 жеңіліс, 13 нокаут бар.

Ол 17 шілде күні Австралияның Перт қаласында жергілікті Джексон Инглендке қарсы шығады. Инглендтің рекорды — 19 жеңіс, 3 жеңіліс, 10 нокаут.

Бұл кездесу IBF желісі бойынша іріктеу жекпе-жегі болады. Яғни жеңімпаз екінші жеңіл салмақта әлем чемпионы атағына таласу мүмкіндігіне ие болады.

Екінші жеңіл салмақтағы чемпиондық белбеу мексикалық жұлдыз Эмануэль Наварретенің иелігінде. Оның кәсіпқой бокстағы нәтижесі — 40 жеңіс, 2 жеңіліс, 1 тең нәтиже, 33 нокаут.