"7-8 келі салмақ қуамын": Абылайхан Жүсіпов диетолог, бургер және ет туралы айтты
29 жастағы қазақстандық боксшы салмақ қуу процесі, жеке диетологпен жұмысы, тәртіп пен қалпына келу режимі туралы айтты.
Жеке диетологпен жұмыс
Қарағанды облысының өкілі, әлем чемпионы Абылайхан Жүсіпов Sportarena.kz сайтына берген сұхбатында кәсіби деңгейдегі дайындықтың маңызды тұстарын айтты. Боксшының айтуынша, жоғары нәтижеге жету үшін тек жаттығу жеткіліксіз – дұрыс тамақтану, күн тәртібі және қалпына келу процесі де шешуші рөл атқарады.
Боксшының айналасында оның жеке диетологы бар екені, тіпті маманды оқу-жаттығу жиындарына өз қаражатына апаратыны туралы әңгіме тараған. Жүсіпов бұл ақпаратқа қатысты пікір білдіріп, диетологпен ұзақ жылдан бері бірге жұмыс істейтінін айтты.
“Жеке диетологпен жұмыс істеймін, біз онлайн форматта байланыстамыз. Онымен алты жылдан бері бірге еңбек етіп келеміз, бұл өз нәтижесін беріп жатыр. Ол маған көп көмектеседі және қолдау көрсетеді. Салмақ қуу өте ауыр процесс екенін өздеріңіз білесіздер. Қазіргі салмағым шамамен 77-78 келі, әдетте 7-8 келі салмақ қуамын”, — деді Жүсіпов.
Салмақ қуу бір айға созылады
Абылайхан Жүсіпов жарыс аяқталған соң бірден еркінсіп кетпейтінін жеткізді. Оның сөзінше, жыл бойы белгілі бір тамақтану тәртібін сақтап, ағзасын бақылауда ұстауы керек.
Боксшы салмақты тек арнайы костюм киіп тер шығару арқылы түсірмейтінін айтты. Негізгі жұмыс дұрыс рацион мен жүйелі дайындыққа негізделеді.
“Жарыс бітті деп толық босаңсу деген жоқ. Үнемі белгілі бір рационды ұстайсың, тамақтануды бақылап жүресің. Салмақ қуу процесі шамамен бір немесе екі айға созылады”, — деді ол.
Боксшының басты артықшылығы – тәжірибе
Жүсіпов қазір 70 келі салмақта өнер көрсетеді. Ол – әлем чемпионы, Азия чемпионы және Әлем кубогының жеңімпазы. 29 жастағы боксшы үшін бұл салмақта жұдырықтасудың артықшылықтары мен қиындықтарын да атады.
Жүсіповтің айтуынша, ең басты плюс – үлкен тәжірибе. Соңғы екі жылда қатысқан барлық турнирде жеңіске жетіп, өзінің әлі де жоғары деңгейде екенін дәлелдеген.
“Ең үлкен артықшылық – орасан тәжірибе. Соңғы жылдары жақсы қосқанымды көріп жүрсіздер. Екі жыл бойы қатысқан барлық турнирде жеңіске жеттім. Ал минус жағына келсек, жас бәрібір әсерін береді. Бірақ біз осы тұстармен жұмыс істеп жатырмыз”, – деді боксшы.
Режим, қалпына келу және массаж
Қазақстандық боксшы жас ұлғайған сайын дайындыққа көзқарас та өзгеретінін жасырмады. Қазір ол күн тәртібіне, дұрыс тамақтануға, ұйқыға және қалпына келуге көбірек мән береді.
Жүсіповтің айтуынша, спортшы үшін уақытында демалу аса маңызды.
“Режим ұстаймыз, тамақтануды қадағалаймыз, қалпына келуге, массажға көп көңіл бөлеміз. Сағат 22:00-де ұйықтап, 7:00-де тұруға тырысамыз”, — деді ол.
Бургер мен етке рұқсат бар ма?
Абылайхан Жүсіпов қатаң тәртіпке қарамастан кейде өзіне аздап еркіндік беретінін айтты. Жеңістерден кейін немесе арнайы кезеңдерде сүйікті тағамдарынан толық бас тартпайды.
“Әрине, кейде мүмкіндік болатын сәттер бар. Мысалы, бургер немесе ет жеуге болады. Онсыз болмайды”, – деді Жүсіпов.
Осылайша Жүсіпов жоғары нәтижеге жетудің құпиясы тек ауыр жаттығуда емес, кәсіби режимде, дұрыс тамақтануда және ағзаны уақытылы қалпына келтіруде екенін көрсетті.