"Сынбаймын": Бақыт Сәрсекбаев өз жұмысына араласқысы келетіндерге үн қатты

Бокс шолушысы

Бокстан Бейжің Олимпиадасының чемпионы, Қазақстан жастар құрамасының бас бапкері Бақыт Сәрсекбаев әлеуметтік желідегі парақшасында жұмысына кедергі келтіргісі келетіндерге қатаң ескерту айтты.

"Сынбаймын": Бақыт Сәрсекбаев өз жұмысына араласқысы келетіндерге үн қатты
turkystan.kz

Тәртіп пен әділдік туралы

Қазақстан жастар құрамасын жаттықтырып жүрген Бақыт Сәрсекбаев жеке парақшасында жариялаған жазбасында өз ұстанымын ашық жеткізді. Олимпиада чемпионының сөзінше, ол ешқандай қысымнан қорықпайды және команда ішінде тәртіп пен әділдік басты орында болуы керек.

Сәрсекбаев өзіне түрлі жолмен ықпал еткісі келетіндер бар екенін меңзеп, мұндай әрекеттердің нәтиже бермейтінін айтты.

"Мен сынбаймын. Мені сындыра алмайсыңдар. Байланыс, қоңырау немесе арандату арқылы қорқыту мүмкін емес. Мен бар жерде тәртіп, дисциплина және әділдік болады. Мен ешкімнен ештеңе сұраған емеспін. Тек бір өтінішім бар — жұмыс істеуге кедергі жасамаңдар. Маған кедергі жасау — қазақ боксына кедергі жасау. Интрига мен провокацияға уақытым жоқ, алда жауапты жарыс күтіп тұр", — деп жазды ол.

Жастар құрамасын маңызды турнир күтіп тұр

Айта кетейік, Қазақстанның жастар құрамалары 3 шілде күні Индонезия астанасы Джакартада өтетін Азия чемпионатында ел намысын қорғайды.

Осы жарыс қарсаңында бас бапкердің мұндай мәлімдеме жасауы бокс жанкүйерлері арасында қызу талқылануы мүмкін. Сәрсекбаев үшін басты мақсат — құраманы жарысқа алаңсыз дайындап, Азия біріншілігінде жоғары нәтиже көрсету.